Олимпиада-2024: қазақстандық спортшылардың ішінен үздік ондыққа кімдер кірді? Sarah Stier/Getty Images. Суретте: 77 кг дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен грек-рим күрес шеберлері

Олимпиада жүлдесіне бір табан жетпей қалған қазақстандық спортшылар

Кеше, 11 тамызда Париждегі ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындары өз мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы жалпы есепте жеті медаль еншіледі. Алайда, тек медаль алған спортшылар ғана емес, бірқатар спортшыларымыз да жүлдеге бір қадам жетпей тоқтап, өз шеберліктерін көрсетті, деп Dopmedia.kz тілшісі Ұлттық Олимпиада комитетінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Әбиба Әбужақынова әйелдер арасындағы дзюдодан Олимпиада медалін алуға айрықша мүмкіндігі болды. Алайда, қола медаль үшін күресте ол швециялық спортшы Тара Бабулфатқа есе жіберіп, сайысты бесінші орынмен аяқтады.

Милад Карими де бесінші орын иеленді. Гимнаст еркін жаттығулар финалында сәтті өнер көрсетіп, 14.500 ұпай жинап, үздік бестікке кірді.

Сондай-ақ, Әмір Маймұратов та өз есебіне Олимпиадада жарқын өнерімен есте қалды. Ол «жылдамдық» дисциплинасында еліміздің намысын қорғап, жартылай финалға шығуға таласып, сайысты бесінші орында аяқтады.

Александра Ле пневматикалық винтовкадан 10 метрге оқу ату бойынша үздік ондыққа кірді. Ол финалдық кезеңге дейін жетіп, жарысты алтыншы орынмен аяқтады. Айта кету керек, Александра командалық аралас сайыста «қола» жүлдеге ие болды.

Олимпиада дебютанты Данил Мусабаев батуттық гимнастикада финалға бір қадам жетпей тоқтады. Бірінші квалификациялық талпынысынан кейін ол сегізінші орынға ие болды, бірақ екінші талпыныстан соң тоғызыншы орынға түсіп қалды. Финалға тек сегіз спортшы өтті.

Нора Джеруто 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруде ел намысын қорғады. Ол бұл межені 9:08.97 уақытында жүгіріп өтіп, тоғызыншы орынға тұрақтады. Джеруто әлем чемпионатында жеңіске жеткеннен кейін, декреттік демалыстан соң жарыс жолына қайта оралғанын естеріңізге сала кетейік.

Шпагамен семсерлесуден Қазақстанның ерлер командасы Олимпиада ойындарын алтыншы орында аяқтады. Командалық жарыстың 1/4 финалында біздің спортшылар Венгриядан ұтылды. Кейін олар 5-8 орындар үшін күреске кірісті. Египетті жеңген соң, бесінші орын үшін Италиямен кездесті, матч 45-36 есебімен италиялықтардың пайдасына аяқталды. Қазақстанның атынан бұл жарысқа Вадим Шарлаимов, Ерлік Сертай, Руслан Курбанов және Эльмир Әлімжанов қатысты. Біздің команда Олимпиадаға алғаш рет қатысып отыр, ал Руслан Курбанов жекелей жарыста алтыншы орын алды.

Қазақстандық садақшылар да Олимпиадада бәсекеге қабілетті өнер көрсетті. Командалық жарыста Ильфат Абдуллин, Александр Ерёменко және Даулеткелді Жаңбырбай 1/8 финалға дейін жетіп, Италияға бір ұпай айырмашылығымен ұтылды. Жалпы есепте олар тоғызыншы орын алды.

Әмір Закиров брейкингтен сегізінші орын иеленді. Топтық кезеңде ол үш батл өткізіп, екеуінде жеңіске жетті. Бұл оған 1/4 финалға өтуге мүмкіндік берді, бірақ жартылай финалға өте алмады. Оны әлем чемпионы, АҚШ-тан келген Виктор жарыстан шығарды. Айта кетейік, брейкинг алғаш рет Олимпиада бағдарламасына енгізілді.

Үш Олимпиадаға қатысқан Кирилл Герасименко үстел теннисінен 1/8 финалға дейін жетті. Айта кетейік, бұл спорт түрінен елімізден ешкім бұрын-соңды мұндай жетістікке жетпеген еді.

Сонымен қатар, бокстан ерлер құрамасының өкілдері де алғашқы ондыққа кірді. Нұрбек Оралбай (80 кг дейін) екінші орын алды. Сәкен Бибосынов (51 кг дейін), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг дейін), Айбек Оралбай (92 кг дейін) бесінші орында аяқтады. Махмұд Сабырхан (57 кг дейін), Қамшыбек Қоңқабаев (92 кг астам), Карина Ибрагимова (57 кг дейін), Валентина Хальзова (75 кг дейін) тоғызыншы орын алды.

Грек-рим күресінің палуандары Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кг дейін) пен Әлімхан Сыздыков (130 кг дейін) жетінші және сегізінші орындарға тұрақтады. Ал, еркін күрес палуаны Әлішер Ерғали (97 кг дейін) жетінші орынды иеленді.

    Көп оқылды: