Алматы әкімі Ерболат Досаев Олимпиада жүлдегерлерін марапаттады
Алматы әкімі Ерболат Досаев Париж Олимпиадасының жүлдегерлерін марапаттады. Бұл туралы Dopmedia.kz тілшісі Алматы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ерболат Досаев Олимпиаданың күміс жүлдегері Нариман Құрбановты, қола жүлдегерлер Ғұсман Қырғызбаевты, Назым Қызайбайды және Александра Ле мен Ислам Сәтбаевты құттықтады.
"Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен алматылық спортшылардың Қазақстан қоржынына көп медаль салғаны қуантады. Таланттарыңыздың, табандылығыңыздың және еңбекқорлығыңыздың арқасында сіздер маңызды да тарихи жеңіске қол жеткізіп, халықтың ыстық ықыласына ие болдыңыздар, әлемдік спорттың дамуына үлес қостыңыздар. Сіздер сүйікті ісіңіз бен туып-өскен еліңізге деген сүйіспеншілігіңіздің жарқын үлгісісіздер", – деді Алматы әкімі.
Ерболат Досаев Нариман Құрбановқа екі бөлмелі пәтер сыйлады, ал Ғұсман Қырғызбаевқа, Назым Қызайбайға, Александра Ле мен Ислам Сәтбаевқа бір бөлмелі пәтер сыйға тартты. Сонымен бірге, спортшыларға 4 және 5 миллион теңгеден ақшалай сертификаттар мен жаңа автокөліктердің кілті табысталды. Сондай-ақ Нариман Құрбановқа демеушілер есебінен тағы бір пәтер сыйға тартылды.