Қазақстан мен Өзбекстан футболының дамуы туралы талдау
Өзбекстан футболы уақыт өткен сайын қарқынды түрде дамып келеді. Соңғы жылдары түрлі додаларда бой көрсетіп жүрген Өзбекстан футбол құрамасы Азияның фаворитіне де айналып үлгерді. Ал осыдан 22 жыл бұрын АФК-дан шығып, УЕФА-ға қадам басқан футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы әлемдік рейтингтің 100-сатысынан аса алмай келеді. Dopmedia.kz тілшісі осы бағыттағы мәселелерді сараптап, Қазақстан мен Өзбекстан футболының даму қарқынына талдау жасады.
Әлем чемпионатына Қазақстанның қадамынан гөрі Өзбекстанның өрісі жақын
Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионаты тұңғыш рет үш бірдей мемлекетте (АҚШ, Мексика, Канада) өтеді. Сондай-ақ бұл біріншілікте 48 мемлекет бақ сынайды. 2022 жылы Катарда өткен әлем чемпионатында 32 мемлекет шеберлік байқасқан.
2026 жылы өтетін әлем біріншілігі көптеген елге үлкен мүмкіндік сыйлап отыр. Мәселен, бұл чемпионатта әр құрлықтан қатысатын мемлекеттің саны
Азиядан (АФК) 8 мемлекет – бұрын 5;
Еуропадан (УЕФА) 16 мемлекет – бұрын 13;
Африкадан (КАФ) 9 мемлекет – бұрын 5;
Солтүстік және Орталық Америкадан (КОНКАКАФ) 6 мемлекет – бұрын 4;
Оңтүстік Америкадан (КОНМЕБОЛ) 6 мемлекет – 4.
Міне, 2026 жылы өтетін әлем біріншілігіне жолдама санын көбейту бірқатар мемлекеттің тұңғыш рет осы додада өнер көрсетуіне жол ашатыны сөзсіз. Осы орайда көршілес Өзбекстан өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатына шығуы бек мүмкін. Себебі көрші елдің футбол құрамасы соңғы уақыттары бірқатар турнирлерде атой салып жүр. 2023 жылы Катарда өткен Азия кубогында Өзбекстан ширек финалға дейін жеткен еді. Бұл айналымда жарыс қожайындарына тек пенальти сериясында есе жіберіп қойды. 2022 жылғы әлем чемпионатына іріктеу матчы кезінде Сауд Арабиясынан кейінгі екінші орынды еншілеп, әлемдік додаға бір табан жетпей қалды. Биыл да өз тарихында тұңғыш рет футболдан Олимпиада ойындарында өнер көрсетті. Жалпы алғанда, Өзбекстанның әлем біріншілігіне деген қадамы нық, бағыты оң.
Қазақстан 2022 жылы өткен Ұлттар лигасының С дивизионында қарсылас шақ келтірмей, жеңіске жеткен болатын. Ал Еуропа біріншілігіне тікелей жолдама алу кезінде Грекияға 5:0 есебімен жеңілген болатын.
Ал Еуропа чемпионатына іріктеу кезінде де Қазақстан құрамасы соңғы матчқа дейін жолдамадан үмітті еді. Тек сырт алаңда Словенияға 1:2 есебімен есе жіберіп, жолдаманы иелене алмай қалды.
Ал 2022 жылғы әлем чемпионатына іріктеуде Қазақстан құрамасы өз тобында соңғы – 5-орынды еншіледі.
Жалпы алғанда, қазіргі уақытта әлем чемпионатына шығуға Қазақстанның қадамынан Өзбекстанның өрісі жақын. Өзбекстан Азиядағы үздік 8 құраманың қатарына еніп, әлемдік додаға жолдама алуы бек мүмкін. Себебі Өзбекстан Азиядағы фаворит елдердің қатарына қосылып келеді.
Қазақстан Азия футбол конфедерациясында қалса әлем чемпионатына шыға алар ма еді?
2022 жылы 25 сәуірде Рахат Алиевтің бастамасымен Қазақстан футболы АФК-дан шығып, УЕФА-ға өткен болатын. Содан бері көптеген спорт маманы бұл шешімнің қаншалықты дұрыс екенін талқылады. Тіпті кейбір мамандар Азияда қала берсек, ірі додаларға емін-еркін қатыса алар едік деген де болатын.
Біріншіден, Азия футбол конфедерациясында (AФК) әлем чемпионатына қатысуға берілетін жолдамалар саны әлдеқайда көп. Мысалы, 2026 жылғы әлем чемпионатына Азия континентінен 8 жолдама бөлінеді, бұл Еуропаға қарағанда мүмкіндіктерді айтарлықтай көбейтеді. Яғни, Қазақстан Азияда қалған жағдайда, жолдаманы жеңіп алу мүмкіндігі артатын еді.
Екіншіден, Азиядағы футбол деңгейі де әртүрлі. Қазақстан құрамасы Азияның алдыңғы қатарлы командаларына қарсылас болу үшін жоғары деңгейде өнер көрсетуге дайын болу керек. Дегенмен, қазіргі таңда Қазақстан құрамасының деңгейі Азияның орта деңгейдегі құрамаларына сәйкес келетінін ескерсек, жоғары деңгейлі Азия командаларына қарсы бәсекеге түсу мүмкіндігі мол болар еді.
Үшіншіден, Қазақстанның географиялық орналасуы мен экономикалық мүмкіндіктерін ескерсек, Азия елдеріне қарсы ойындар өткізудің логистикалық және қаржылық тұрғыдан жеңіл болатыны да анық. Бұл да елдің футболдағы дамуына оң әсерін тигізуі мүмкін.
Қазақстан мен Өзбекстан құрамаларының үздік футболшылары
Қазақстан құрамасының бірқатар футболшысы шетелдік клубтарда доп теуіп жүр.
Бақтиер Зайнутдинов – «Бешикташ» (Түркия);
Абат Айымбетов – «Адана Демирспор» (Түркия);
Рамазан Оразов – «Силькеборг» (Дания);
Нұралы Әліп – «Зенит» (Ресей);
Максим Самородов – «Ахмат» (Ресей).
Өзбекстан құрамасының үздік футболшыларының алды топ-лигаларда өнер көрсетіп жүр
Эльдор Шомуродов – «Рома» (Италия);
Аббосбек Файзуллаев – «ЦСКА» (Ресей);
Умарали Рахмоналиев – «Рубин» (Ресей);
Хусниддин Аликулов – «Ризеспор» (Түркия);
Остон Урунов – «Персеполис» (Иран).
-
14 қараша, 2024
Трамптың саяси триумфы: жаңа үкіметтің жоспары қандай?