Қыркүйек айында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының дайындық барысымен танысты. Бұл туралы Dopmedia.kz Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.
Ақорданың Telegram-дағы ресми арнасы жариялаған ақпаратқа сүйенсек, мемлекет басшысы, ең алдымен, «Астана арена» стадионын аралап көрді. Мұнда халықаралық спорттық-мәдени іс-шараның ашылу салтанаты өтеді. Отыз мың көрермен еркін сыятын стадионға жыл бойы күрделі жөндеу жүргізілді. Қазіргі кезде абаттандыру жұмыстары аяқталып, жабдықтары толықтай жаңартылды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Qazaqstan жеңіл атлетика кешенінде орналасқан Аккредиттеу орталығының жұмысы, Көшпенділер ойынына қатысатын ұлттық құраманың киім үлгісі таныстырылды. Халықаралық іс-шараға 1500 ерікті тартылады.
Спорт және туризм министрі Ермек Маржықпаев Ұлттық құраманың әзірлігі жөнінде баяндады.
Оның айтуынша, осы уақытқа дейін халықаралық және республикалық деңгейде 42 оқу-жаттығу жиыны өткен. Сондай-ақ спортшылар 7 халықаралық және 25 республикалық турнирге қатысқан.
«Жалпы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 89 елінен 2800 қатысушы мен ресми делегация мүшелері келеді. Сайыстың 21 түрінен 97 медаль сарапқа салынады. Негізгі жарыстар «Астана-арена» стадионы, «Қазанат» ипподромы, «Алау» мұз сарайы, Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы, «Думан» қонақ үй-спорт кешенінде өтеді. Ал жамбы ату мен теңге ілуге арнайы алаң жасақталған.
Халықаралық дода аясында 150-ден астам мәдени іс-шара жоспарланған. Мәселен, Этноауылда Көшпенділер мәдениеті музейі, қолөнершілер және мүсіндер көрмесі, ал Ұлттық музейде «Көшпенді халық: тарих, таным, тағылым» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылады», – делінген хабарламада.
Алдын ала болжамға сәйкес, осы күндері елордаға 100 мыңға жуық турист келуі мүмкін. Осыған орай 20-дан астам қонақ үйдің, сондай-ақ туристер жиі баратын орындардың дайындығы пысықталып, қала көшелерін абаттандыру, безендіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.