Назми Грипши: «Астана Аренада» ойнай алмайтынымыз өкінішті» fcastana.kz

«Астананың» жаңа ойыншысы клубтың дайындығы жөнінде айтты

«Астана» футбол клубының албаниялық ойыншысы Назми Грипши елордалық командадағы атмосфера, алдағы ойындарға дайындық жөнінде пікір білдірген. Бұл туралы Dopmedia.kz тілшісі Meta-ratings.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

«Мен «Астана» футбол клубының қатарына қосылғаныма және командадағы осындай тамаша атмосфераның куәгері болғаныма қуаныштымын. Біз әр матчта жеңіске жетіп, команданың басты мақсатына жетуді қалаймыз. Конференция лигасының матчына дайындалу үшін біздің уақытымыз жеткілікті. Біздің құрамда тамаша жаттықтырушы мен жақсы ойыншылар бар деп санаймын. Инфрақұрылымға келетін болсақ, мен бұрын жасанды алаңда ойнадым, сондықтан бұл мен үшін айтарлықтай проблема емес. Маған командадағы атмосфера ұнайды. Әрине, біз «Астана Аренада» ойнай алмайтынымыз өкінішті. Дегенмен, біз жақсы нәтижелерді көрсетуге тырысамыз», – деді Грипши.

Естеріңізге сала кетейік, кеше, 7 шілдеде «Астана» Лига Кубогы аясында «Каспийді» 5:0 есебімен басым түсті. Елордалық клубтың құрамына жақында қосылған хорватиялық Карло Бартоли мен нигериялық Джеффри Чинеду осы матчта дебют жасады. Ал Назми Грипши бұл ойынға қатысқан жоқ.

25 шілдеде «Астана» Конференция лигасы аясында «Торпедо БелАЗ» (Беларусь) – «Милсами» (Молдова) клубтары арасындағы матчтың жеңімпазымен ойнайды.

    Көп оқылды: