Басқаларға пәтер мен көлік, ал әлем чемпионына бокал сыйлады instagram.com/jarma_audanynyn_akimdigi

Әлем чемпионы өзінің жеңісі бағаланбай жатқанын айтты

Пара армрестлингтен (қол күресі) әлемнің 8 дүркін чемпионы атанған Зарина Примак өзіне табысталған бокал жиынтығы турасында пікір білдірді, деп Dopmedia.kz хабарлайды.

Жақында Абай облысы Жарма ауданы Шар қаласының тұрғыны Зарина Примак пара армрестлингтен сегіз дүркін әлем чемпионы атанған болатын. Осы жеңісінен кейін аудан әкімінің орынбасары мен "Жастар ресурстық орталығының" директоры қол күрес шеберінің үйіне арнайы барып құттықтаған.

Бірақ та 8 дүркін әлем чемпионына бокал жиынтығы мен алғыс хат ғана табыстағаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде ерекше талқыға түскен еді.

"Абай облысы, Жарма ауданы әкімінің орынбасары және Шар қалалық "Жастар ресурстық орталығының" директоры келіп, мені құттықтады. Олар маған осы бокалдарды және әлем чемпионатының алдында қол күрестен өткен бәсекеде төрешілік қызмет атқарғаным үшін алғыс хат табыс етті.

Олар жай ғана құттықтады. Олар тіпті менің қанша рет әлем чемпионы атанғанымды білмейді. Мен оларға: "Сегіз рет, сегіз рет", - деп айтып жатырмын, бірақ олар тыңдамайды да," - деді Зарина Примак Tengri Sport сайтына берген сұқбатында.

Спортшы Зарина Примакқа бокал жиынтығы табысталғаны туралы жаңалық Жарма ауданы әкімдігінің Instagram желісіндегі ресми парақшасында жарияланып, кейін өшірілген болатын.

Айта кетейік, Зарина Примак 16-25 тамыз аралығында Молдованың Кишинёв қаласында өткен пара қол күресінен әлем біріншілігінде алтын медаль жеңіп алып, сегіз дүркін әлем чемпионы атанды.