Кабирхан Көшпенділер ойынында өнер көрсетеді instagram.com/racingdubai

Бұл жарыста небір сәйгүліктер бақ сынайды

Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Қайырхан Мәулен Дүниежүзілік көшпенділер ойынында қандай танымал сәйгүліктер өнер көрсететінін айтты, деп Dopmedia.kz хабарлайды.

«Ұлттық құрамада тек көкпар бойынша 30-ға жуық ат әзірленіп жатыр. Оның ішінде 24-і ертең келеді. Сол 24 аттың барлығының да атақтары бар, бүгінгі күнге дейін жеңістерге жеткен. Әлем чемпионатында жеңген Нұрғасқа сәйгүлігі бар, онымен Құрманбек Тұрғанбек атты үкілеген үмітіміз өнер көрсетеді. Одан бөлек, Жұмыртұяқ, Секрет атты талай бәйгеде топ жарған аттар келуі ықтимал. Тіпті Дубайдағы бәйгеде жеңіске жеткен Кабирханды білесіздер, Кабирхан келеді деп жоспарланған», – деді Қайырхан Мәулен «Қазанат» ипподромында өткен баспасөз мәслихатында.

Алайда Қайырхан Мәуленнің айтуынша, әлі де ауа райы мен транспортқа қатысты өзгерістер орын алуы мүмкін.

«Олар жеке адамдардың аттары болғандықтан мемлекеттің, ұлттық құраманың құзырындағы іс емес. Сондықтан осындай нюанстар бар. Бірақ еліміздің атынан қатысатын сәйгүліктердің бәрі өте жақсы таңдалған және дайындалған», – деді ол.

Айта кетейік,  5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 8-13 қыркүйек аралығында өтеді. Əлемдік додаға 89 елден 2800-ге жуық қатысушы келеді деп күтілуде. Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында спорттың 21 түрі бойынша 97 медальдар жиынтығы сарапқа салынады.