Шетелдегі қазақ бапкерлері жайлы не білеміз?
Өзге елдің намысын қорғап жүрген қазақ спортшылары туралы білгенімізбен, білімі мен тәжірибесін Қазақстаннан тыс аймақта іске асырып жүрген бапкерлерден көп жағдайда бейхабар болып жатамыз. Олардың бірнешеуі шетелде жемісті еңбек етіп, өздерінің кәсіби шеберліктерін паш етуде, деп Dopmedia.kz хабарлайды.
Бақыт Сәрсекбаев
2008 жылы Бейжіңде (Қытай) өткен Олимпиада ойындарының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев қазіргі уақытта Вьетнамда бапкер болып еңбек етіп жүргенін айтқан еді. Ол бокстан Ханой қаласы құрама командасының кеңесші-бапкері. Өзінің айтуынша, биылғы Вьетнам чемпионатында шәкірттері 2 алтын, 3 күміс және 3 қола медальды иеленіп, жалпы командалық есепте екінші орынды олжалады.
Есбол Сұлтанов
Франция астанасы Париж Олимпиадасынан кейін көпшілік Есбол Сұлтановтың есіміне қанық бола бастады. Ол таеквондодан Тунис құрамасының бас бапкері. Парижде өткен дүбірлі додада шәкірттерінің бірі қола медаль жеңіп алса, бірі Олимпиада чемпионы атанды. Есбол Сұлтанов таеквондодан Тунис құрамасының бас бапкері ретінде 2023 жылдың қыркүйегінен айынан еңбек етіп келеді.
Ол спортшы ретінде 2007 жылы Бейжіңде өткен әлем чемпионатында ерлер арасында 72 кг дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған. Сондай-ақ 2006 жылы Дохада өткен Азия ойындарында және 2007 жылы Бангкокта өткен жазғы Универсиадада өнер көрсеткен.
Жұматай Шубаев
37 жыл бойы Беларусь елінде еркін күрестен балуандарды баптап жүрген тағы бір қазақ жаттықтырушысы – Жұматай Шубаев. Ұлытау облысының тумасы Жұматай Шубаев 1987 жылы 15 жасында Беларусь еліне қоныс аударып, әлі күнге дейін сол жақтағы балуандардың бабы мен бағын келістіріп, жетістікке жетелеп жүр. Бастапқыда Янка Купала атындағы Гродно мемлекеттік университетінде бапкер болды. Ал қазіргі уақытта еркін күрестен Беларусь Республикасы ұлттық командасының бапкері болып еңбек етіп жүр.
Асқар Сәрсенбаев
Асқар Сәрсенбаев – бокстан Финляндия құрамасының бапкері. Кентау қаласының тумасы 1990-жылдардың басында Финляндияға қоныс аударып, осы елде бокс саласын жан-жақты дамытуға күш салады. Асқар Сәрсенбаев жаттықтыратын Вилле Хукканен бокстан Еуропа біріншілігінде екі мәрте қола жүлде еншілейді.
Артур Сұлтанғалиев
Жазғы спорт түрлерімен қатар қазақ жаттықтырушылары қысқы спорт түрлері бойынша да шетелде бапкер болып еңбек етіп жүр. Соның бірі – шорт-тректен Түркия құрамасының бас бапкері Артур Сұлтанғалиев. Батыс Қазақстан облысының тумасы 2009-2013 жылдар арасында шорт-тректен Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен. Жарақатына байланысты 2014 жылы спорттық мансабын аяқтауға мәжбүр болған. Ал 2014 жылы Түркия шорт-трек федерациясына хат жолдап, аталған елдің құрамасын жаттықтыруға ниет білдірген. Сол уақыттан бері Артур Сұлтанғалиев шорт-тректен Түркия құрамасын даярлап келеді.
-
27 қыркүйек, 2024
Қазақтардан жеңілген Роналдудың жерлестері жылап қайтты (видео)
-
27 қыркүйек, 2024
"Бұл Өзбекстан мен Бразилияның жеңісі": бас бапкер ерекше пікір білдірді
-
27 қыркүйек, 2024
Геннадий Головкин бас хатшысын тағайындады: ол кім? (фото)