Боксшы әуесқой боксқа қайта оралатынын мәлімдеді
Бокстан әлем чемпионатының үш дүркін қола жүлдегері, кәсіпқой боксшы, Қарағанды бокс мектебінің түлегі Абылайхан Жүсіпов өзінің Instagram парақшасында әуесқой боксқа оралатыны туралы маңызды мәлімдеме жасады. Бұл туралы Dopmedia.kz тілшісі хабарлайды.
«Мен, Абылайхан Жүсіпов, Олимпиада ойындарынан кейін кәсіпқой бокста 2 жыл тәжірибе жинап, Қарағанды облысының Бокс Федерациясының және спорт басқармасының шақыруымен, қолдауымен әуесқой боксқа қайта оралып жатырмын. Жинаған тәжірибеммен туған өлкемде, Қарағандыда өсіп келе жатқан жас боксшыларға үлгі көрсетіп, оларды алға талпындырамын деген ойдамын. Қарағанды облысынан әлі де талай-талай Олимпиада ойындарының қатысушыларымен чемпиондары шығады деген ойдамын. Қарсыластарым, дайын болыңдар, мен өзімді көрсетуге дайынмын», – деді боксшы.
Айта кетейік, Абылайхан Жүсіпов әлем чемпионатының үш дүркін қола жүлдегері (2017, 2019, 2021), Азия чемпионатының күміс жүлдегері (2017) атанған еді.
Кәсіпқой рингте Абылайхан Жүсіпов 4 жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен. Оның үшеуін мерзімінен бұрын аяқтаған.