AFL президенті Мұрат Елеуповпен сұқбат
4-7 шілде аралығында әуесқойлар арасында Астана қаласында шағын футболдан «KAZAKHSTAN CHAMPIONS CUP AFL» турнирі өткен болатын. Жалпы саны 32 үздік команда бақ сынасқан бұл біріншілікте еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған мыңға жуық ойыншы қатысты. «Сайран» спорт кешенінде өткен бұл турнирдің жалпы жүлде қоры 2 миллион теңге болды. Міне, футболға жаны құмар сан алуан жанды жиған бұл турнирге мұрындық болып отырған – AFL президенті Елеупов Мұрат Думанұлы. Осыған байланысты Dopmedia.kz тілшісі іргелі біріншілікті ұйымдастырып отырған Мұрат Думанұлымен сұқбаттасып, еліміздегі шағын футболдың мән-жайы туралы сұқбат құрды.
– Мұрат Думанұлы, осы жақында ғана шағын футболдан «KAZAKHSTAN CHAMPIONS CUP AFL» турнирі өз мәресіне жетті. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған ойыншылар бақ сынасатын Астана футбол лигасы (AFL) туралы айтып берсеңіз.
– Егер бұл турнирдің тарихына көз жіберер болсақ, бәрі де 2002 жылы марқұм ағам Қанат Елеуповты еске алуға арналған YELEU CUP біріншілігінен басталған болатын. Алғашқы турнир отбасылық деңгейде өтті, отбасымыз, туған-туыстарымыз, достарымыз, жолдастарымыз қатысты. Ал уақыт өте келе бұл турнир қарқын ала бастады. Жыл сайын командалар деңгейі өсіп, бүгінде шеберлігі толысқан ойыншылар өнер көрсетеді. Жалпы есебі 22 жыл бойы осы бағытта еңбек етіп келеміз.
Біршама уақыт бойы ойымда арнайы лига құру идеясы болды, алайда мүмкіндік болмады. 2019 жылы «Бірлестік-Сайран» ЖШС құрылыс компаниясының басшысы Қожахметов Талғат Сайранұлы дәл осы идея бойынша өзара сұқбат құрдық. Нәтижесінде, көзқарастарымыз сәйкес келді. Менің бұл бағыттағы тәжірибем жеткілікті. Ал ол кісінің «Сайран» спорт кешенің аренасының инфрақұрылымы мен лиганы қамтамасыз ету мүмкіндігі бар. Оның үстіне, Талғат Сайранұлы шағын футболдан команда жасақтап, бұл бағыттың дамуына ерекше үлес қосты. Сондықтан біз бірлесе отырып, жүйелі жұмыс жүргізе бастадық.
– AFL – шағын футболдан еліміздің басты лигасы. Бұл лиганы одан әрі жандандырып, дамытудың өзі үлкен күшті талап етеді. Осы деңгейге жету жолында қандай істер атқарылды? Қандай тәуекелдерге бардыңыздар?
– Лиганы құру кезінде және оны одан әрі жандандыру жолында менің ұстанатын басты позициям – жоғары сапаны қамтамасыз ету. Бізге басқа лигалар сияқты командалардың санын қуудың қажеті жоқ. Біздің назарымыз санда емес, сапада екенін айтқым келеді. Мәселен, біз бастапқы бұл жобаға уақытта кәсіби төрешілер мен комментаторларды тарттық. Ал қазіргі уақытта төрешілерді өзіміз жасақтап жатырмыз. Осы секілді сапаға бағытталған факторлар ойын деңгейінің өсуіне де әсер етті. Сондықтан AFL-дың чемпионы атанып, ел намысын халықаралық аренада асқақтатын спортшыларымыз да жарқын жетістерімен қуантуда. Соның арқасында біз қазіргі таңда әлем және Еуропаның екі дүркін жеңімпазымыз. Ал шағын футболдан әлемдік рейтингте Қазақстан 62 елдің ішінде көш бастап тұр. Біз осы бір нәтижені екі жыл қатарынан ұстап келеміз.
– Осыдан 3 жыл бұрын AFL ойындары Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетілді. Одан кейін YouTube платформасында да белсенді болдыңыздар. Осы бір дүниеге қол жеткізу қаншалықты қиын болды?
– Негізі, біз біршама жыл шамасында Qazsport телеарнасы арқылы лигамыздағы ойындарды тікелей эфирде беру мүмкіндігіне қол жеткізе алмай жүрдік. Телеарна басшысы бізден көлемді қаражат талап еткен болатын, алайда мен бұл мәселеге келіспедім. Себебі біздің ұйымдастырып жүрген жұмысымыз – әлеуметтік маңызы бар жоба. Арада жылдар өтіп, телеарна басшылығы өзгерген уақытта біз Qazsport арқылы тікелей эфирде ойындарымызды көрсете алдық. Бұл тұрғыда Нағи Қалтайұлы үлкен алғыс білдіреміз. Өкінішке қарай, теледидар бағдарламалық кестесінің тығыздығына байланысты ойындарды көрсетуге әрдайым мүмкіндік бола бермейді. Бірақ та YouTube арнамыз штаттық режимде жұмыс істейді. Сондай-ақ трансляция сапасын да жақсарту мақсатында тиісті жұмыстарды атқарып жүрміз.
– Мұрат Думанұлы, шамамен 5-10 жылдан кейінгі AFL деңгейін қай межеден көргіңіз келеді?
– Алдағы уақытқа арналған жоспар – ел бойынша серіктестік желіні дамыту. Қазіргі уақытта 10-ға жуық серіктестермен жұмыс істеп жатырмыз. Сондай-ақ басты жоспарлардың бірі – Socca Asia қауымдастығындағы жұмысты жүйелеу. Бұл бағытта біз шамамен 29 елмен бірлесе жұмыс істейміз. Сонымен бірге Қазақстанда халықаралық деңгейдегі үлкен турнирлер өткізу жоспарда бар.
– Дәл осындай әлеуметтік маңызы бар жобаларға жеке демеушілерді қалай тартуға болады? Сондай-ақ еліміздегі шағын футбол мәселесін қалай бір жолға қоюға болады?
– Әуесқойлар арасындағы бұқаралық спортқа, оның ішінде футболға ірі демеушілерді тарту – машақаты көп жұмыс. Өкінішке қарай, бүгінде әуесқой турнирлерді монетизациялау мәселесі қиынға соғады. Осы бағыттағы басты қолдау арналары ретінде мемлекеттік құрылымдардың әкімшілік ресурстарын, оның ішінде Туризм және спорт министрлігі мен Қазақстан футбол федерациясы бізге ірі компаниялардың, меценаттардың немесе кез келген мүдделі ұйымдардың назарын аударту мақсатында қол ұшын соза алады. Алайда біз бес жыл бойы бюджет қаражатынсыз жетістікке жеттік.
Ал шағын футболды дамыту мен танымал ету үшін үлкен серпін – бұл біздің халықаралық турнирлердегі жетістіктеріміз. Бірақ бүгінде біз көтеріп жүрген басты мәселе – инфрақұрылым, спорт алаңдары мен кешендерінің жетіспеушілігі. Осы бағытта біршама жұмыс атқаруымыз қажет.
– Әлемдік додаларда шағын футболдан жеңімпаз атанып жүрген ұлттық құрамамыздың жетістіктерінің феномені неде?
– Басты феномен – AFL біріншілігіндегі жоғары бәсекелестік, ойыншылардың жоғары деңгейі және турнирді тамаша ұйымдастыру. Осы жақта іріктелген, жеңімпаз атанған ойыншылар ел намысын халықаралық аренада асқақтатынын жоғарыда айттық. Міне, осы секілді әлем немесе Еуропа чемпионаттарында топ жару KAZAKHSTAN Champions Cup AFL турнирінде жеңіске жетуге қарағанда оңай.
– Сұқбат бергеніңізге рақмет! Сәттілік тілейміз!
-
4 қазан, 2024
Әлімханұлы VS Михайлович: салмақтары жекпе-жекке сай ма?
-
4 қазан, 2024
Месси мен Роналду қайта кездеседі: Қашан?
-
2 қазан, 2024
Айбек Оралбай украиналық қарсыласын нокаутқа жіберді
-
30 қыркүйек, 2024
Футзалдағы жеңіліс. Толық анализ. Қазақстан-Аргентина (1:6)