Париж Олимпиадасында қазақ боксшыларына әділетсіздік жасалды ма? Фото ашық дереккөзден

Головкин мен Жировтың ойы бір жерден шықты

1996 жылы Атлантада өткен Олимпиада ойындарының чемпионы Василий Жиров "Голос народа" YouTube арнасына берген сұқбатында Париж Олимпиадасында жұдырықтасқан қазақстандық боксшылардың жекпе-жектеріндегі төрешілікке қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Dopmedia.kz.

– Ұлттық Олимпиада комитетінің төрағасы Геннадий Головкин Олимпиададағы бокс төрешілігі әділетсіз болды деп айтқан еді. Бұл жағдайды сіз бақыладыңыз ба?

– Иә, көрдім. Төрешілікке көп жұмыс істеу керек. Сіздер, бәлкім, Бекет Махмұтовты естіген шығарсыздар. Ол ұлттық құрамада жұмыс істеп, боксшылармен және төрешілермен тығыз байланыста болды. Бекет Махмұтов төрешілер мен спортшылар арасындағы теңгерімді қалай сақтау керегін жақсы білетін. Сол кезде біздің боксшылар еш қиындықсыз жеңіске жете алатын еді. Бекет Махмұтов сияқты өз ісін адал атқаратын адамдар қажет.

– Барлық нәрсе менеджментке байланысты ма?

– Иә, менеджмент маңызды. Бірақ мұнда барлығы тепе-теңдікте болуы керек. Боксшылар физикалық және психологиялық тұрғыда дайын болуы қажет. Олар рингке шығып, өз міндеттерін орындауға тиіс. Сонымен қатар, рингтен тыс жерде де әділетсіздікке жол бермеуге көмектесетін маман керек.

– Сіз Олимпиада ойындарында қазақстандық боксшылардың жекпе-жектерін қадағаладыңыз ба? Геннадий Головкиннің біздің боксшылардың әділетсіздікке ұшырағаны туралы пікіріне келісесіз бе?

– Кейбір боксшыларымыз әділетсіздікке ұшырағаны рас. Бірақ бұл туралы нақты айту қиын. Ол жерде болу керек. Мен Парижде болған жоқпын, камера арқылы көргенде бәрі басқаша көрінеді. Ал залда отырып бақылаған кезде, жекпе-жектің әрбір қателігін кәсіби тұрғыда байқайсың.

Естеріңізге сала кетейік, Париж Олимпиадасында қазақстандық боксшылар барлық жеті салмақ дәрежесінде бақ сынады, бірақ тек Нұрбек Оралбай ғана жүлдеге қол жеткізіп, 80 килограмға дейінгі салмақта күміс медаль иеленді. Олимпиададан кейін бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов және тағы 10 маман қызметтерінен босатылды. Олардың орнына Қайрат Сәтжанов келді.

Атланта Олимпиадасының чемпионы Василий Жиров бокстан Қазақстан құрамасының бапкерлік құрамына кіруі туралы ақпаратқа жауап берді.