Боксшы Олимпиада жүлдесінен үмітті екенін айтты
Париж Олимпиадасында Қазақстанның туын көкке көтеріп шығатын боксшы Асланбек Шымбергенов алдағы бәсекеде жақсы өнер көрсету үшін барын салатынын жеткізді. Бұл туралы Dopmedia.kz тілшісі Ұлттық Олимпиада комитетінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
«Әрбір спортшының арманы – Олимпиада ойындарының алтын медалін жеңіп алу. Менің де арманым осы. Сол арманымды орындау үшін бар күшімді саламын.
2004 жылы Бақтияр Артаев ағамыз Олимпиада чемпионы болған соң, туған ағам мені бокс секциясына ертіп келді. Содан бері жаттығып, спорттың бұл түрі өзіме ұнап қалды.
Енді, міне, жазғы Олимпиадада еліміздің туын көтеріп шықпақпын. Ең бірінші кезекте бұл үлкен мәртебе, үлкен жауапкершілік. Туымызды желбіретіп барып, желбіретіп қайтамыз», – деді Шымбергенов.
Айта кетелік, боксшы Асланбек Шымбергенов наурызда Италияда өткен әлемдік біріншілікте Олимпиада жолдамасын қанжығасына байлаған болатын. Ол Париж Олимпиадасында 71 кг салмақ дәрежесінде бақ сынайды.
Францияның астанасында өтетін Олимпиада ойындарына бокстан Қазақстан ерлер құрамасы толық құрамда қатысады. Байрақты бәсекеде ел намысын Сәкен Бибосынов (51 кг), Махмұд Сабырхан (57 кг), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг), Нұрбек Оралбай (80 кг), Айбек Оралбай (92 к) және Қамшыбек Қоңқабаев (92 кг) қорғайды.