ФК «Астана» соңғы бес жылда 50 млрд теңге қаржы жұмсады
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Туризм және спорт министрлігімен бірге спортты қаржыландыру саласындағы жемқорлыққа бейім тұстарды зерттеп, сыртқы талдау жасады. Бұл туралы Dopmedia.kz сайты 1bol.kz ақпараттық ресурсына сілтеме жасай отырып хабарлады.
Зерттеу барысында қазіргі заманғы спорт нысандарының жетіспеушілігі спортшылардың сапалы дайындалуына кедергі келтіретіні анықталды. Әсіресе, спорт инфрақұрылымы нашар дамыған немесе жағдайы төмен аймақтарда бұл мәселе айқын сезілуде. Сонымен қатар, 2023-2029 жылдарға арналған Қазақстанның дене шынықтыру мен спортты дамыту тұжырымдамасында жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдарының жетіспеушілігі де қозғалды.
Еліміз бойынша жабық спорт ғимараттарының 374,2 мың шаршы метрі мен бассейндердің 376,4 мың шаршы метрі жетіспейтіні атап өтілді. Әсіресе Алматы, Астана, Түркістан және Алматы облыстарында бұл мәселе қатты сезілуде. Спорттық нысандар мен футбол академияларын салудың орнына, спорт ұйымдары шетелдік легионерлерді қаржыландыруға басымдық берген.
Мысалы, "Астана" футбол клубы (2018-2023 жылдары 50 млрд теңге жұмсалған) өз футбол академиясына және инфрақұрылымына иелік етпейді. Алты жыл ішінде клуб футбол алаңдары мен үй-жайларды жалға алуға 1,4 млрд теңге қаржы бөлген.