Менеджер ескі әнұран бойынша өз пікірін білдірді
Қазақстандық боксшы Жанибек Әлімханұлының (16-0, 11 КО) менеджері Берік Сұлтан Аустралияда өткен жекпе-жек алдында ұйымдастырушылардың ескі әнұранды қосқаны үшін кешірім сұрағанын айтты. Бұл туралы Dopmedia.kz тілшісі Tengri Sport сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
4 қазанда Аустралияның Сидней қаласында қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы мен жаңазеландиялық Андрей Михайлович арасында бокс жекпе-жек өткен. Алайда жекпе-жек алдында ұйымдастырушылар Қазақстанның ескі әнұранын қосып қойған.
"Біз рингке шықтық, сол сәтте Жаңа Зеландияның гимні орындала бастады. Кейіннен күтпеген жерден Қазақстанның ескі әнұраны қосылды. Бұл біз үшін үлкен тосынсый болды, сондықтан өз наразылығымызды білдірдік. Егер байқап қарасаңыз, мен рингте ұйымдастырушыларға қарап: "Бұл біздің гимн емес, оны неге қойдыңдар, өшіріңдер", - деп айттым. Бірақ олар мені тыңдамады. Ұйымдастырушылар мұндай қателіктер жібермеуі керек деп ойлаймын," - деді боксшының менеджері Берік Сұлтан.
Берік Сұлтанның айтуынша, әнұранның орындалуы бойынша алдын ала арнайы келісімдер болғанда, дәл осындай қателіктер болмаушы еді.
"Бұл жекпе-жектің ұйымдастырушылары біз емес, тіпті біздің Top Rank промоушені де емес. Бұл кешті Андрей Михайловичтің промоутерлері No Limit компаниясы ұйымдастырды. Олар бізге әнұранның орындалатынын хабарлап, оны жіберуді сұрамады. Мен тек Жәнібек рингке шыққан кезде ойналатын әнді жібердім, басқа музыка мәселелері бойынша байланыс болған жоқ.
Егер бізге әнұран орындалады деп ескертілсе, біз Қазақстаннан белгілі әншіні арнайы шақырып, әнұранымызды орындатар едік. Мысалы, Димаш Құдайберген, Мейрамбек Беспаев немесе Ғазизхан Шекербеков сынды өнерпаздарды шақыруға болар еді.
Жекпе-жектен кейін ұйымдастырушылар келіп, бұл қателік үшін кешірім сұрады. Бірақ кешірім жағдайды өзгертпейді, болары болды, бояуы сіңді", - деді менеджер Берік Сұлтан.
Кейіннен Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі Жәнібек Әлімханұлы мен Андрей Михайлович арасындағы жекпе-жектің ұйымдастырушыларына ресми наразылық нотасын жолдайтынын мәлімдеді.
Еске салайық, бұл жекпе-жекте қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы жаңазеландиялық Андрей Михайловичті жеңіп, IBF және WBO чемпиондық атақтарын қорғаған болатын.
-
28 қазан, 2024
Мен нағыз алқаштан туған қызбын – танымал тиктокер (видео)