Солтүстік Қазақстан облысында екі мұғалім жұмыстан босатылды
Олар мектеп кіреберісінде қалжыңдап тұрып, бұрышты баллонды шашқан. Бұл туралы Dopmedia.kz хабарлайды.
Оқиға қыркүйек айының соңында Ақжар ауданына қарасты Талшық ауылында орын алды. Сол кезде полицияға мектепте оқушылардың талып қалғаны және кіреберісте ерекше иістің пайда болғаны туралы хабар түскен. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері оқушыларды, техникалық қызметкерлерді және мұғалімдерді ғимараттан эвакуациялады.
Мәліметтер бойынша, мектептің екі мұғалімі әзілдесіп, бұрышты баллонды байқамай шашып жіберген. Нәтижесінде, 9 және 11 жастағы екі оқушы мен 53 жастағы шағын орталықтың тәрбиешісі аудандық ауруханаға жүгінген. Қазіргі уақытта олардың жағдайы тұрақты.
Полицейлер 39 жастағы дене шынықтыру мұғалімі мен 36 жастағы еңбек және сызу пәнінің мұғаліміне қатысты қажетті материалдарды жинап, істі сотқа жіберді. Іс материалдарына сәйкес, сол күні таңертең үш мұғалім орта мектептің фойесінде сөйлесіп тұрған. Кейін еңбек мұғалімі әріптесіне қалжыңдап, қалтасынан баллонды шығарады.
"Ол баллонды шығарып, қалжыңдап, шашамын деп айтты. Содан кейін мұғалім олардан алшақтап кетті. Баллонды көрген дене шынықтыру мұғалімі оны ұстап көруді сұрады. Содан кейін ол да қалжыңдап, баллонды әріптесіне қарай бағыттап, абайсызда шашып жіберді", – делінген Ақжар аудандық сотының қаулысында.
Сот дене шынықтыру мұғалімін Әкімшілік кодекстің 434-бабының 1-бөлімі ("Ұсақ бұзақылық") бойынша құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 73 840 теңге айыппұл салу туралы шешім шығарды.
Сот еңбек мұғаліміне қатысты материалды да қарастырды, алайда құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылды. Солтүстік Қазақстан облысының білім басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұғалімдер жұмыстан босатылған.
-
6 қараша, 2024
Тойымыз 5 адаммен, құдалығымыз 6 адаммен өтті – Тамара Асар