Испания дербиінің тарихы: "Эль Классико" атауы қайдан шықты? Фото: FAYEZ NURELDINE/AFP via Getty Images

Бүгін «Реал» мен «Барселона» клубтары кездесу өткізеді

Бүгін, 26 қазанда Испанияның басты дербиі – Эль Класико өтеді. Мадридтің «Реалы» мен каталониялық «Барселона» Ла Лига аясында 11-турдың матчында кездеседі. Әлемге әйгілі матчтың  атауын бүкіл әлем «Эль Классико» деп атайды, бірақ бұл атаудың қалай пайда болғанын көпшілік біле бермейді. Осы ойын қарсаңында Dopmedia.kz тілшісі бұл керемет бәсекенің тарихына шолу жасады.

Бастау алған бәсекелестік

«Реал» мен «Барселона» клубтарының алғашқы ресми кездесуі 1902 жылдың 13 мамырында Испания королі Альфонсо XIII-нің тәж киюіне орай ұйымдастырылған Король кубогында өтті. Бұл алғашқы матчта «Барселона» «Реалды» 3:1 есебімен жеңген еді. Ол кезде қарсыластықтың қазіргі деңгейі болмағанымен, бұл матч үлкен тарихтың бастауы болды.

Саяси астар және жаңа деңгей

XX ғасырдың басында бұл жай ғана спорттық бәсекелестік еді. Алайда 1930 жылдары диктатор Франсиско Франконың билігі тұсында бұл матчтар саяси мағынаға ие бола бастады. Каталонияның орталық билікке қарсылығы «Барселона» арқылы көрініс тапса, «Реал» режимнің символы ретінде қабылданды. Осы саяси негіздің арқасында Эль Класико әр ойында жаңа деңгейге көтерілді.

1959 жылы 15 ақпанда Испаниядағы алғашқы теледидар трансляциясында Эль Класико ойыны көрсетілді. Билеттері болмаған жанкүйерлер ойынды көру үшін теледидар сатып ала бастады. Бұл жағдай екі команда арасындағы қызығушылықты еселей түсті.

Ал 1950-1970 жылдары саясаттың араласуы бұл дербиді тек спорттық жарыс емес, үлкен бәсекелестік алаңына айналдырды. Эль Класико тарихындағы ең маңызды оқиғалардың бірі – аргентиналық шабуылшы Альфредо Ди Стефаноның трансфері. Алғашында ол «Барселонаға» қосылуы керек еді, алайда биліктің араласуымен ол «Реалға» ауысып, жаңа кезеңді бастады. Бұл кезде «Реал» қатарынан 5 рет Еуропа кубогын жеңіп, еуропалық футболдың көшбасшысына айналды.

Спорттық қарсыласу және атақты ойыншылар

XX ғасырдың екінші жартысында Жуанито (Реал) және Диего Марадона (Барселона) сияқты аңыз ойыншылар арасындағы шиеленіс матчтардың қызығы мен әсерін арттырды. Екі клубтың Ла Лигада үстемдік етуі бұл қарсыласты жаңа биікке көтерді. Сонымен қатар, Луиш Фигудің 2000 жылы «Барселонадан» «Реалға» ауысуы жанкүйерлердің наразылығын тудырды. Тіпті, «Камп Ноу» стадионында жанкүйерлер алаңға шошқаның басын лақтырып, бұл трансферге қарсылықтарын білдірген еді.

Месси мен Роналду дәуірі

Лионель Месси мен Криштиану Роналдудың келуімен Эль Класико ғаламдық деңгейге көтерілді. Месси мен Роналду арасындағы бәсекелестік әр матчты жанкүйерлер үшін есте қаларлық сәттерге айналдырды.

Ал бүгінгі күні Эль Класико – футболдан да үлкен мағынаға ие. Бұл – мақтаныш, рух, намыс пен қажырлы күрестің символы. «Реал» мен «Барселона» арасындағы матчтар әлемдік спорт мәдениетінің бір бөлшегіне айналып, жанкүйерлердің жүрегінен ерекше орын алған.