"Осы ма "Әділетті Қазақстан?": Әнарудың адвокаты былықтың бетін ашты Фото ашық дереккөзден

Әнарудың адвокаты соттағы былықтың бетін ашты

Әнару Құрманәлі мен Жанқош Тұраровтың ісіне қатысты Әнарудың адвокаты Ләззат Ахатова құқық қорғау органдарындағы заңсыздықтар туралы айтты, деп Dopmedia.kz тілшісі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Әнару Құрманәлінің арызы бойынша Жанқош Тұраровтың үстінен қозғалған іс туралы жазбай жүргем. Істі бүкіл мән-жайын жариялай бермей, өз жұмысымызды істеп, шағымдарымызды жазып, заңсыздықтармен күресе берейік деп. Өйткені қыз баланың абыройы, өмірі тұр. Зорлыққа байланысты істер де ашық айтыла бермейтін тұстары бар. Әкесіне де ауыр. Сол себепті қозғай бермей, заңды түрде жұмысымызды жасайық деп шешіп едік. Оған сайттар кеше жарыса жазып кетті. Сосын амал жоқ, бөлісуге тура келді – деді адвокат.

Ол істі тоқтату туралы БАҚ-тан естігенін айтады.

20 қазан күні істі тоқтатқанын кеше сайттардан оқыдық десек, сенесіздер ме? Сенсеңіздер де, сенбесеңіздер де, факт. Әй, осылар қысқартуға әрекет жасап жатыр-ау деген күдік болды. Себебі тергеуде түк істелген жоқ! Сараптама қорытындысы ұзап кеткен соң, қайта-қайта тергеуге телефон соғамын. Бірінде тергеуші жұмыстан кетті дейді, бірінде тергеу бөлімінің бастығы жұмыстан кетті дейді. Одан істі жүргізетін тергеуші таппай жатырмыз деді. Солай сөзбен орақ орып, істі соза берді, соза берді. Басында іске менімен бірге кірген алматылық әріптес ағамыздың да сөзі мен ісі қабыспай, тергеуге баруға уақыты болмай кетті – деп жазды Ләззат Ахатова.

Ол «шулатпай тұра тұрыңыз» деген сөзге сенген.

Шағымдарды да “қоя тұрайық, сараптаманы күтейік, ананы күтейік, шулатпай тұрыңыз” деген соң, бұрын тергеуде істеген білікті маман ғой деп, құлақ асуға тура келді. Шіркін, адвокаттардың бәрі қорғауындағы адамдарға адал болса ғой. Басына іс түскен адамның бар сенгені – қорғаушысы ғой. Әр адам өз мамандығына адал болса, елде осынша хаос болмас еді – дейді қорғаушы.

Оның айтуына қарағанда, осы іске араласқан тағы бір қорғаушы Әнтай Әлімбекқызы Әуезов аудандық полиция бөліміне Әнарумен бірге, сараптамамен танысу үшін барған. Ал сараптама қорытындысы шыққаны туралы ақпаратты қорғаушылар сараптама орталығынан білген. Бұл жайлы Тергеу басшылығы қорғаушыларға ескертпеген.

Тергеудің бастығының орынбасарына тағы хабарласып, “сараптама сіздерде екен ғой, неге айтпайсыздар?” десем, “іс прокуратурада, сұратып еді” дейді. 
–  Сараптама қорытындысы қайда?
–  Іс материалдарында ғой, – дейді. 
–  Тараптармен неге таныстырмайсыздар? – деп, аң-таңбыз. 
–  Прокуратура сұратып алып еді, іс келсе, шақырамыз. 
Болды, тергеудің бар жауабы осы – дейді Әнарудың адвокаты.

Адвокаттың айтуынша, 20 тамыз – іс қозғалған күн, тергеу мерзімі заң бойынша – 2 ай. 17 қазанда қорғаушылар Бекжан Батырханұлына хабарласып, «істің қаралу мерзімін ұзарту туралы қаулыны сұрайды». Өйткені 20-на мерзім бітеді. 

Тергеу аяқталмаса, іс мерзімі ұзартылуы тиіс. Ұзартылмаса, қысқартатын ойлары бар екенін түсіндік. Сұрағымызға жауап бермейді, тек “келіп, сараптамамен танысып кетіңіздер” дейді. 19 қазанда тағы хабарласып, тергеудің қалай жүріп жатқанын сұраймын. “Қысқартып жатқан жоқсыздар ма, біз онымен келіспейміз, түк істеген жоқсыздар, тоқтатып тастасаңыздар, біз шағымданамыз” деп, арнайы сұрадым. «Істі қысқартады деп кім айтты, сізге?» – деді. Ал кеше БАҚ-қа 20 қазан күнгі қаулымен қысқартқанын мәлімдепті. 21 қазан дүйсенбі күні алматылық әріптесім Әнтай Әлімбекқызы Әнарумен бірге Әуезов аудандық полиция бөліміне барады. Тергеудің бастығына да, тергеушіге де кіреді. Сараптамамен таныстырып, қол қойғызып алады. Ал бір күн бұрын істің қысқарғаны туралы ләм-лим демейді – дейді Ләззат Ахатова.

Адвокат «ІІМ-нің былықтары қашанға дейін жалғасады» деп ренжулі.

Заңсыздықтардың да шегі болушы еді. Мынадай заңсыздықты да көрдік. Сонда қыздың тағдыры ойыншық па, дандайсыған спортшыларға, тергеудегілерге?! Ашықтан -ашық, заңды белден басып отыр. МВД-ның былықтары қашанға дейін жалғасады, “Жаңа Қазақстан”?! Осы ма, “Әділетті Қазақстан”?! – дейді қорғаушы.