Павлодарда тәрбиеші мүгедек балаларды аямай ұрып-соққан Фото: Светлана МАКОВЕЕВА

ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды

Павлодардағы әлеуметтік мекемеде мүгедектігі бар балаларды ұрып-соққанын хабарлайды Dopmedia.kz Qaz365.kz-ке сілтеме жасап.

Облыс прокуратурасы арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарда тұратын кәмелетке толмағандардың, сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша тексеру өткізді.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің облыстық психоневрологиялық балалар орталығы» КММ-нің бейнебақылау камераларын қарау кезінде тәрбиеші тарапынан кәмелетке толмағандарды ұрып-соғудың бірнеше фактілері анықталды, – делінген прокуратура хабарламасында.

Кәмелетке толмағандарды қинау белгілері бойынша орталықтың қызметкерлеріне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, полиция департаментіне тапсырылды.