Клуб президенті төрешіні ұрғаны үшін 4 жыл бас бостандығынан айырылды
Түркиялық «Анкарагюджю» футбол клубының бұрынғы президенті Фарук Коджа төреші Халил Мелерді ұрғаны үшін төрт жылға жуық уақытқа түрмеге жабылды, деп хабарлайды Dopmedia.kz.
Бұл келеңсіз оқиға 2023 жылдың 12 желтоқсанында "Анкарагюджю" мен "Ризеспор" арасындағы матчтың соңында болды. Экс-президент бірнеше адаммен бірге алаңға жүгіріп шығып, төрешіге қол көтерген. Кейін белгісіз адамдар жерде жатқан төрешіні тепкілей бастады. Коджа мен тағы үш адам төрешіге қол жұмсады деген айыппен тұтқындалды.
"Анкарагюджю" президенті Фарук Коджа бұл айыппен келіспейтінін мәлімдеді, бірақ кейіннен төрешіден кешірім сұрап, отставкаға кетті.
Фарук Коджа төрешіні ұрып-соққаны үшін 3 жыл, 7 ай және 22 күнге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған адамның өміріне қауіп төндіргені және спорттағы зорлық-зомбылықты болдырмау туралы заңды бұзғаны үшін қосымша 6,5 ай және 5 ай мерзім берілді, бірақ соңғы екі үкім әзірге кейінге қалдырылды.
Айта кетейік, бұл оқиға елде үлкен резонанс тудырып, Түркия футбол федерациясы аталмыш мәселеге байланысты чемпионатты уақытша тоқтатты.