Баламыздың қазақша білгенін қалаймыз – Даррен Диц Фото ашық дереккөзден

«Барыстың» бұрынғы ойыншысы тіл үйрену жөнінде айтты

«Барыс» хоккей клубы мен Қазақстан құрамасында өнер көрсеткен Даррен Диц Championat.com сайтына берген сұқбатында орыс, қазақ тілдерін үйрену мәселесі турасында өз ойын білдірді. Бұл туралы Dopmedia.kz тілшісі хабарлайды.

Сұқбат барысында «Барыс» хоккей клубының бұрынғы ойыншысы Даррен Диц орыс тілін жетік меңгергенін, үйрену барысында кездескен қиындықтар туралы айтты.

«Орыс тілін үйрену біршама қиын болды. Бірінші жылы мен күн сайын оқыдым, кейбір сөздерді түсіндім, хабарлама арқылы сөйлесе алдым. Бірақ киім ауыстыратын бөлмеде мен әлі көп нәрсені түсінбедім, адамдардың сөйлесуі тым жылдам болды... Бірақ мен дұрыс сөйлей алмасам да, көпшілік түсінуге тырысты. Уақыт өте келе мен көп түсіне бастадым, бұл нәрсе маған орыс тілін үйренуге серпін берді. Қазір ол орыс тілінде ойлана бастадым, үйде біз балалармен орыс тілінде сөйлесе бастадық, бұның бәрі маған орыс тілін үйренуге көп көмегін тигізді», – деді Диц.

Даррен Дицтің негізгі азаматтығы – канадалық. Ол Канадада туып-өскен. Осы турасында журналист: «Ана тіліңізді ұмытып қалмадыңыз ба?», – деп сұрақ қояды. Ал бұл сауалға хоккейші Даррен Диц:

«Жоқ, әлі ұмыта қоймадым, бірақ кейде ата-анаммен сөйлескен кезде ойымдағы сөздердің алғашқы легі орыс тілінде сайрап тұрады», – деп жауап береді.

Хоккейші біршама жыл бойы елордалық «Барыс» клубында өнер көрсеткен. Сондай-ақ оның жары да – қазақ. Даррен Диц алдағы уақытта балаларының қазақ тілінде сөйлегенін қалайтынын жеткізді.

«Ниетіміз бар, біз балаларымыздың қазақ тілін білгенін қалаймыз», – деді Даррен Диц. 

Айта кетелік, хоккейші 2017 жылдан 2022 жылға дейін елордалық «Барыстың» сапында өнер көрсетті. Осы кезеңде Даррен Астана қаласында өзінің болашақ жұбайы Іңкәрмен танысып, көңіл жарастырған. Қазіргі таңда ерлі-зайыптылар екі бала тәрбиелеп отыр. Осы маусымда Даррен Диц «ЦСКА» хоккей клубынан «Авангард» командасына ауысты.