Жәнібек Әлімханұлы өзін келемеждеп видео түсірген боксшыға жауап берді
Орта салмақта WBO және IBF чемпиондық белбеулерінің иегері Жәнібек Әлімханұлы өзін келемеждеп бейнежазба түсірген жаңазелендиялық боксшы Андрей Михайловичқа қарсы жауап берді. Бұл туралы Dopmedia.kz тілшісі хабарлайды.
Андрей Михайлович пен Жәнібек Әлімханұлы 14 шілдеде Лас-Вегаста (АҚШ) кездесуі керек болған. Бірақ та отандасымыз салмақ қуу барысында ағзасына су жетіспей, есінен танып, ауруханаға түсіп қалды. Андрей Михайлович қазақ боксшысын мазақ етіп видео түсіріп, Instagram желісіндегі парақшасына жариялап қойды. Бұл бейне материалда Андрей Михайлович асфальтқа "Janibek" деп жазып, оның жанында билеп жүр. Содан кейін жазудың үстіне ұнтақ сеуіп, оған су шашады.
Жәнібек Әлімханұлы жаңазеландиялық боксшының бұл әрекетін құптай қоймады.
"Андрейдің парақшасындағы видеоны көрдім. Бала өзіне көп алып жатыр екен. Мен жекпе-жекке денсаулығыма байланысты шыға алмадым. Ауруханаға түстім. Бірақ қарсыласым адам басындағы сынақты, ауыр жағдайды мазақ қылып жатыр. Бұл негізі адамгершілік емес. Ешқандай боксшы бұлай жасамайды. Қайта сауығып кет дейді. Ал оның ісіне, тіпті, мен ұялып кеттім. Бізде келісімшарт бар, жұдырықтасамыз. Бірақ енді оны аямаймын", – деп жазды қазақстандық боксшы Instagram парақшасында.