Бас бапкер Париждегі дайындықтарын бастап кетті
Бокстан Қазақстан командасы Франция астанасы Парижге аман-есен жетіп, дайындықты бастап кетті. Бұл туралы Dopmedia.kz тілшісі Inform.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
"Парижге аман-есен жеттік. Бізді әуежайда Қазақстанның Франциядағы елшілігінің өкілдері қарсы алды. Олимпиада қалашығының атмосферасы керемет көңіл күй сыйлады. Қонақүй де жайлы, таза, ретті. Бүгін Париждегі алғашқы жаттығуымызды бастаймыз. 25 шілдеде жеребе тарту рәсімі өтеді. Жалпы жарысқа дайынбыз", – деді бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов.
Көпшілік тағатсыздана күткен Париж Олимпиадасында бокс жарыстары 27 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Додаға бокстан Қазақстан ерлер құрамасы толық құрамда қатысады.
Ел намысын Сәкен Бибосынов (51 кг), Махмұд Сабырхан (57 кг), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг), Нұрбек Оралбай (80 кг), Айбек Оралбай (92 кг) және Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг) қорғайды. Ал әйелдер құрамасынан алғаш рет үш боксшы сынға түседі. Олар: Карина Ибрагимова (57 кг), Валентина Хальзова (75 кг), Назым Қызайбай (50 кг).