УЕФА Конференция лигасының матчтарына төрелік етеді
Қазақстандық төрешілер УЕФА Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінің матчтарына төрешілік етеді. Бұл туралы Dopmedia.kz тілшісі Қазақстан футбол федерациясының ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Саят Қарабаев бастаған төрешілер бригадасы "Динамо" Батуми (Грузия) мен "Дечич" (Черногория) командалары арасындағы УЕФА Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінің бірінші матчында жұмыс істейді. Алексей Долгих пен Дмитрий Белоградов оған көмектеседі, ал төртінші төреші ретінде Рустам Омаров тағайындалды. Ойын 24 шілдеде "Батуми Арена" стадионында өтеді және Қазақстан уақыты бойынша сағат 22:00-де басталады.
Сондай-ақ Данияр Сахи бастаған қазақстандық төрешілер бригадасы "Хапоэль" Беер-Шева (Израиль) мен "Черно море" (Болгария) командалары арасындағы матчқа төрелік етеді. Оның көмекшілері Сергей Васютин мен Самат Тергеусізов, ал резервтік төреші болып Сәкен Байымбет тағайындалды.
Айта кетейік, "Хапоэль" құрамында Қазақстан құрамасының шабуылшысы Артур Шушеначев өнер көрсетеді. Матч 25 шілдеде "Ловеч" стадионында өтеді деп жоспарланған және Қазақстан уақыты бойынша сағат 22:00-де басталады.