Шымкенттік «Ордабасының» жалақысы қанша? fcordabasy.kz

2019-2023 жыл аралығында шымкенттік «Ордабасы» ойыншылары мен қызметкерлеріне төленген жалақы мөлшері мәлім болды.

Соңғы 4 жылда әкімшілік-басқару қызметкерлерін есепке алмағанда, клуб қарамағында 138 адам жұмыс істеген. Оның ішінде 98 қазақстандық және 40 шетел азаматтары бар. Нақтылай келгенде, шетел мамандары жалпы соммада 1,27 миллиард теңге жалақы алса, қазақстандықтардың айлығы 737 миллион теңгені құрады.

Шымкенттіктердің экс-бапкері Кахабер Цхададзе екі жарым жылда 449 500 еуро көлемінде жалақы алған. Грузиннің ай сайынғы айлық мөлшері 29 500 еуроны құраған екен. Қазіргі таңда клуб бапкері Александр Седневтің бір айлық жалақысы 18 500 еуроны құрайды. Осы күнге дейін Седнев ФК "Ордабасы" бапкері ретінде 584 500 еуро көлемінде ақша тапқан.

Футболистерге келетін болсақ... клуб сапындағы  34 легионердің жалпы айлық мөлшері 4,13 миллиард теңгені құрайды, ал қазақстандық 52 футболшылыға 5,56 миллиард теңге төленген.

2018-2021 жыл аралығында ақ-қызылдардың алаңын қорғаған сенегалды хавбек Абдуллай Диакате 481 миллион теңге мөлшерінде айлық алды. Алғашқы келісім-шарт бойынша толық жалақы мөлшері 9 миллион теңгені құраса, 2021 жылы легионердің жалақысы 11,7 миллион теңгеге дейін көтерілген. Сонымен қатар, бонус ретінде Диакатеге тағы 28 миллион теңге берілді.  

2022 жылы футболшылардың бастапқы алатын айлық мөлшерлеріне қатысты еңбек келісім-шарттары жасалып, әр ойыншыға 2 миллион теңгеден басталатын жалақы ұсынылған еді. Алайда әртүрлі өтемақылардың ықпалымен айлық мөлшері 12 есе көтеріліп отырған екен.