Әділет Барменқұлов QJ League-ның маңызына тоқталды
Жақында Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) президенті Әділет Бәрменқұлов BorodAbata Youtube арнасына берген сұқбатында QJ League туралы өз пікірін білдірген болатын. Бұл туралы Dopmedia.kz тілшісі хабарлайды.
Бұл сұқбатта Әділет Барменқұлов QJ League-ның шоу емес екенін, аса маңызды спорттық бағыт екенін атап өтеді.
"QJ League-ның алдында үлкен міндеттер тұр. Бұл өз әсерін көрсете алатын маңызды спорттық бағыт. Біз бұл бағытта неліктен 17-18 жастағы балаларға көп мән береміз? Себебі бізге жас балалардың ойын тәжірибесі маңызды. Бұрындары балалар тек аймақ-аймаққа бөлініп ойнайтын. Сол себепті 17-18 жастағы жас балалардың көбінде ойын тәжірибесі ақсап жатты. Сондықтан біз бұл жобаға үлкен жауапкершілікпен қарадық. Біз бұл шараның методологиялық жүйесін жасадық, арнайы мамандарға жүгіндік, демеушімен сөйлестік, ережелерді ойластырдық, ең соңында ұйымдастырушыларға тапсырдық. Енді біз бұл бағыттан балалар ойын тәжірибесін көбірек алса дейміз. Яғни QJ League – шоу емес. Одан шоу жасаудың қажеті жоқ. Біз үлкен мақсатты көздеп отырмыз. Себебі бұл біздің бірнеше жобамыздың бірі", – деді ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов.
Айта кетейік, Freedom QJ League Қазақстандағы кәсіби футбол клубтарының жастар командалары арасында элиталық деңгейдегі жарыстарды өткізеді. QJ League жеңімпазы УЕФА жастар лигасында Қазақстан атынан қатысу құқығына ие болады.