Боксшы Назым Қызайбай өзінің жеке өмірі жайында сыр шертті
Париж Олимпиадасының қола жүлдегері боксшы Назым Қызайбай сайтымыздың тілшісіне берген сұқбатында жеке өмірі жайлы айтып берді. Бұл туралы Dopmedia.kz тілшісі хабарлайды.
Боксшының әкесі Абай Қызабай қызының жетістігінен кейін берген сұқбатында оның отбасылық өмірге де көңіл бөлуі қажет екенін айтқан болатын. Бұл мәселе бойынша Назым Қызайбай өз адамыңды жолықтырған кезде ештеңеге қарамай тұрмысқа шығуға болады деп жауап берді.
«Спортпен айналысып жүргеніме көптеген жылдың жүзі болды. Осы уақытқа дейін ата-анам менің шешіміме қарсы болмапты. Тек туысқандарымыз: «Қашан тұрмысқа шығасың?», – деп сұрайтын. Бірақ мен өзіме-өзім: «Олимпиада чемпионы атанамын», – деп мақсат қойғам.
Қалай деген күннің өзінде, бәрі де бұйырған уақытында болады. Әкем мен анам менің әр таңдауыма қолдау білдіреді.
Тіпті жасың келді екен деп асығуға болмайды. Сен өзіңнің адамыңды жолықтырған кезде ештеңеге қарамай тұрмысқа шығасың», – деді боксшы.
Айта кетейік, боксшы Назым Қызайбай Dopmedia.kz тілшісіне көлемді сұқбат беріп, бокстағы қиындықтар, Олимпиададағы жеңісі, жеке өмірі турасында жан-жақты айтты.