Атырауға 20 жыл бойы футбол федерациясының президенті келмеген kff.kz. Суретте: Әділет Барменқұлов

ҚФФ президенті іс-сапармен Атырау қаласына барды

Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов арнайы іс-сапармен Атырау қаласына келіп, өңірдегі футболдың даму қарқынына көз жүгіртті. Бұл туралы Dopmedia.kz хабарлайды.

Атыраудағы «Мұнайшы» стадионына, осы өңірдегі футболдың даму арнасын көруге барған ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов осы саладағы негізгі мәселелерді жіті бақылады. Сондай-ақ жергілікті мамандармен кездесіп, арнайы жиын өткен болатын. Бұл жиында Әділет Барменқұлов футбол саласындағы олқылықтармен танысып, оларды шешудің жолдарын ұсынып, бастама көтерді.

Ал өз кезегінде Атырау футбол федерациясының вице-президенті Эдуард Хисметуллин ҚФФ президенті Әділет Барменқұловтың өңірдегі футбол мәселесіне көңіл бөліп жатқанына оң көзқарасын білдірді.

«Шынымды айтсам, 2005 жылдан бері федерациядамын. Содан бері осы жерге келіп, жігіттермен кездесіп отырған бірінші федерация президенті болар. Алдағы жұмысыңызға сәттілік тілейміз», – деді Эдуард Хисметуллин.

Әділет Барменқұлов балалар футболының дамуы бойынша да бірқатар мәселені талқылады және «Алаң» жобасы аясында Атырауда жаңа стадион салынатын болды. Сондай-ақ қала маңындағы «Томарлы» стадионы қайта жөндеуден өтеді.

Айта кетуіміз керек, Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов «Алаң» жобасы аясында Маңғыстау өңіріне де барған болатын.