Қыркүйектің 8-13 күндері аралығында Астана қаласында дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді.
Dopmedia.kz тілшісі турнир алдында қазақ күресінің балуаны Тұқышев Дидар Есетұлымен сұқбаттасты.
Дидар Есетұлы – қазақ күресінің 23 жасқа дейінгі Қазақстан чемпионатының жеңімпазы, спорт шебері, ересектер арасындағы ҚР чемпионатының қола жүлдегері және кубок жеңімпазы.
- Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындығыңыз қалай және жарыс кезінде жоғары нәтижеге жету үшін жаттығу барысында нені басты назарға алып жатсыз?
Алдағы ойындарға дайындығымыз өте жақсы. Осы уақытқа дейін бес оқу-жаттығу жиындарын өткіздік. Өте жоғары нәтижеде дайындық жүргізудеміз. Жаттығу барысында функционалдық және физикалық тұрғыда әдіс-тәсілдерімізге көп көңіл бөлеміз.
- Оқу-жаттығу жиындарын қай жақта өткіздіңіздер?
Ең бірінші жиын Алматы қаласында ақпан айында басталды. Кейін, Грузияға аттандық. Сонымен қатар, Қырғызстан елінде де жаттықтық. Бұл екі елде өткізген себебіміз, олардың жаттығу базалары жоғарғы тау аймағында орналасқан. Шетелде өткен жиындар кезінде физикалық түрде шыңаюымызға көп көңіл бөлдік. Өз елімізде Щучинск қаласының базасында да жаттығу өткіздік. Енді, соңғы жиындарды Дүниежүзілік Көшпенділер Ойындарының алдында Астана қаласында өткіземіз.
- Жекпе-жек алаңындағы басты қарсыласыңызды кім деп санайсыз?
Басты қарсыластарымыз - Өзбекстан, Моңғолия, Грузия балуандары деп санаймын. Бірақ, қазір қазақ күресінің дамуы өрбіп жатыр. Әр елдің балуаны мықты, әр елден келген қарсыласымызға тойтарыс бере аламыз деген үміттемін.
- Халықаралық турнирлердегі балуандардың деңгейін қалай бағалайсыз? Негізі, қазақ күресінің өзге ұлттық күрес түрлерінен айырмашылығы бар ма?
Олардың деңгейлері өте жақсы. Қазақ күресі расымен дамып жатыр. Осал балуан жоқ. Қазақ күресінің ұлттық күрес түрлерінің аса қатты айырмашылығы жоқ. Ұқсастықтары да өте көп. Мысалы, киім үлгісінде ғана сәл айырмашылық бар деп айта аламын. Бізде кимононың жеңі шынтаққа дейін келетін болса, оларда қолға дейін созылып тұрады. Сонымен қатар, өзбектерде тізеден жасайтын әдістер бар.
- Қазақ күресінің қандай құндылықтары мен маңыздылықтарын жас буынның арасында сақтап, насихаттау керек?
Қазақ күресі — біздің тарихымызды дәріптейді. Үлкенді құрметтеуге, дұрыс жүруге, жас балаларды спортқа баулуға шақырады. Қазақтың әдемі спорт түрлерінің бірі деп есептеймін.
- Дүниежүзілік көшпенділер ойындары секілді халықаралық турнирлерде ел намысын қорғағысы келетін өспелі буынға қандай кеңес бере аласыз?
Көп еңбек ету керек. Алға қойған арман-мақсаттарға жету жолында пайда болған қиындықтарды аттап өтіп, бастаған істі аяққа дейін жеткізе білу керек. Арман үшін етілген еңбек ешқашан зая кетпейді. Бапкердің айтқанын тыңдап, тыңғылықты жұмыс істеу маңызды. Еліміздің көк байрағын әлемдік ареналарда көтеріп, әнұран шырқап, отбасыңның мақтанышы болу- басты мотивация ретінде қалыптасу керек деп есептеймін.
- Қазақ күресінің ұлттық құрамасынан дүбірлі додаға қанша балуан қатысады?
Бұл додаға 16 балуан қатысады. Соның ішінде, 8 әйел және 8 ер адам күш сынасады. Жыл басында ел чемпионаты өтті. Кейін, ол балуандар ҚР кубогы чемпионатында күресті. Жыл бойы өткен жарыстардың ішінде өнер көрсеткен 40 балуаннын ішінен 16-сы іріктеліп алынды.
- Мемлекет тарапынан жаттығу барысында, көшпенділер ойындарына дайындық кезінде қандай қолдау білдірілді? Көңіліңіз қанағаттана ма?
Мемлекет тарапынан жаттығу барысында үлкен қолдау білдіріліп, көмек көрсетілді. Тамақтану, жатын орынмен және қажетті витаминдермен қамтамасыз етті. Бізге тек ел үмітін ақтау ғана қалды.
- Алдағы көшпенділер ойындарынан не күтесіз?
Жеңіске жетеміз деген сенімдеміз. Еңбегіміз ақталып, жоғары нәтижеге қол жеткіземіз деген үміттеміз.
-
9 қазан, 2024
Спортшы Айша Уәлишанның құлдықта адам ұстағаны рас па?