Рамазан Оразов «Силькеборг» сапында дебют жасады silkeborgif.com

Отандасымыз қатысқан алғашқы матч тең нәтижемен аяқталды

Футболдан Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Рамазан Оразов даниялық «Силькеборг» клубы сапында «Утрехтке» қарсы жолдастық кездесуде дебют жасады. Бұл туралы Dopmedia.kz тілшісі хабарлайды.

Даниялық клубқа жақында ауысқан Рамазан Оразов ойынға екінші таймнан бастап қосылды. Бұл матч қазақстандық футболшы үшін «Силькеборг» құрамындағы дебюті саналады.

«Силькеборг» пен «Утрехт» командалары арасындағы ойын 2:2 есебімен аяқталды. «Силькеборг» клубы сапынан Энтони Дескот (46-минут) пен Йеппе Оккельс (48-минут) көзге түссе, «Утрехт» клубының ойыншысы Тонни Адамсен матчтың 30-минутында пенальтиден гол соғып, 53-минутында тағы бір мәрте қарсылас қақпасынан саңылау тауып, дубль авторы атанды.

Отандасымыз Рамазан Оразов өнер көрсететін «Силькеборг» командасы 9 шілдеде «ПЕК Зволле» клубына қарсы ойын өткізеді.