Жанкүйеріміздің жарқын естеліктеріне шолу жасайық
Dopmedia.kz тілшісі «Елімай» футбол клубының 20 жылдық жанкүйкері Рауан Естайұлымен шер тарқатып, сұқбат құрды.
Серікхан Рауан Естайұлы- семейлік клубтың нағыз жанкүйері. Екі баланың әкесі, YouTube блогер және спорт шолушысы.
Алғашқы жанкүйер ретінде барған ойыныңыз жайлы толығырақ айтып бере аласыз ба? Жалпы қай уақыттан бері жанкүйерлік етесіз? Бұл қалай болды?
Алғаш рет ағам қолымнан жетектеп 2002 жылы шығыстық дербиге алып келді. Жасыл алаңда семейлік «Елімаймен» өскеменнің «Восток» клубы ойнап жатқан еді. Қазіргі Қазақстан премьер-лигасы ол кезде тек Суперлига болатын. Есеп тең нәтижемен аяқталса да, қарсылас қақпаға соққы жасап, есепті теңестірген “Елімай” еді. Сол сәттегі стадионның атмосферасын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Футболға деген махаббатым сол ойыннан кейін басталды. Дәл 2002 жылы футболдан Әлем чемпионаты өтіп жатқан еді. Зубастик Роналдо сырт мемлекеттерде болып жатқан футболға деген қызығушылығымды ашты. Жалпы, футбол Бразилияда екінші дін сияқты ғой.
«Елімай» футбол клубымен байланысты ең жарқын естеліктеріңіз қандай?
Жарқын естеліктерімнің бірі ретінде ойын біткеннен кейін клуб ойыншыларымен бірге өткізген уақытымды айта аламын. Әсіресе, камерамды алып, арнайы YouTube арнам үшін блог түсіретін сәттерім жылулық сыйлайды. Мысалы үшін, «Елімай» командасындағы Еркебұлан Нұрғалиев екеуміз бір университетте оқыдық. Матч кезінде бір ерекше сәттерді байқап қалсам, бірден Еркеге: «Ерке, сен осы бір ойыншымен келіспей қалдың ғой. Соның арты қалай шешілді?», деп сұрап талқылайтын жайымыз бар.
Қазіргі таңдағы клубтың жағдайы және алдағы турнирлер мен чемпионаттардағы нәтижеге жету мүмкіндігін қалай бағалайсыз?
Қазір клуб ҚПЛ кестесінде төртінші орында келе жатыр. Жанкүйерлердің көбісі клубты үздік үштіктен көргісі келеді. Алайда, бізде супер-шабуылшы жоқ. Қорғаушыларымыз бен орталық қорғаушыларымыз жақсы ойын көрсетеді. Енді, алда сегіз тур қалды. Оның үшеуі Семейде, қалған бесеуі сырт алаңда өтеді. Топшылақ қарасақ, ауыр матчтар күтіп тұр. Чемпион болу үшін де тәжірибе қажет. Бабы мен бағы қатар шапқан команда ғана жетістікке жетеді. Біздің «Елімайда» бұл қасиет бар. Өз басым командамыздың Конференциялар Лигасында, Еурокубок матчтарында ойнағанын армандаймын.
Халықаралық аренада биік белесте көріну үшін клуб өз алдына не мақсат ету керек және қандай жұмыс атқару керек?
Менің ойымша, биылғы премьер-лиганы үздік үштікпен немесе төрттікпен аяқтау керек. Екінші мәселе, келесі жылы бір бас жоғары сапалы легионерлерді алып келу керек. Егер, Еурокубок бәсекелеріне ілесетін болсақ, онда қаржылай қолдаумен де мәселе туындамайды. Сапалы легионер- команданы жетелейді. Ал, халықаралық турнирлерде жетістікке жету үшін білікті бапкер керек. Сонымен қатар, команда ойыншылары физикалық дайындықтарын үнемі жақсартып отыру керек деп ойлаймын.
Клуб тарихындағы ең үздік ойыншы кім деп ойлайсыз?
Мен ес білгелі біздің ойыншыларымыз бірін атасаң, бірі тұратын ойыншылар. Самат Смаков пен Олег Литвиненконы ерекше атағым келеді. Кезінде Олег жаттығуларға келмей қоятын. Сонда әріптестері: «Осы кісі бір талант. Жаттығуға келмесе де, ойын барысында екі гол салып тастайды»,-деп айтатын.
Ең алғашқы клубтан алған атрибутикаға, жейдеңізге қатысты естеліктеріңіз бар ма?
Әрине! Клуб басшылығы жанкүйерлерді ешқашан көзден де, көңілден де таса қылмайды. Өткенде журналистер күніне орай бір грамота мен жидесін тарту етті.
Сіздің ойыңызша жанкүйерлердің қолдауы клубтың ары қарай дамуына қалай әсер етеді?
Қала тұрғындарының басым көпшілігі демалыстарын футболға барумен өткізеді. Үлкен кісілер, қыздар, жас жұбайлар да келеді. «Қайрат» пен «Ақтөбеге» қарсы ойын кезінде көрермендер мен жанкүйерлер симай қалып жатқан сәттер де болды. Осы орайда, басшылық стадион салу мәсеселін қолға алып бастады. Әзірге құжат жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Freedom» компаниясының директоры Тимур Турлов бізге футбольный манеж салып беретін болды. Нәтижесінде, мұның бәрі жанкүйерлердің ықпалынан жасалынып жатқан жұмыстар деп есептеймін.
Клубтың қай ойынынан кейін бойыңызда мақтаныш сезімі ұялайды? Қай ойын есіңізде қалды?
2014 жылдары павлодарлық «Ертісті» 2:0 есебімен ұтып кеткеніміз болды. Сол кезде «Ертіс» Қазақстанның бес дүркін чемпионы атанған жылдар еді. Біздің жігіттер алаңға нағыз қайрат-жігермен шығып, Семейдін намысын қорғап кетті. Кейін, «Атыраумен» ойын болды. Ойынның басында жеңіліске тап болып жаттық. Бірінші тайм 1:0 болып, атыраулықтардың пайдасына аяқталды. Бірақ, жігіттеріміздің рухы көтеріліп, екінші таймда қатарынан 3 гол соқты. Футбол академиямыздың түлегі Әлібек Сәкенов гол соққан кезде бойымызда үлкен қуаныш ұялады.
«Елімайдан» алдағы 5-10 жылда не күтесіз? Біраз уақыттан кейін оның болашағын қалай елестетесіз?
Бізді алаңдататын осы сұрақ. Басшылықтан қолдау көрсетілсе, «Елімай» өрбиді. Қазақстан чемпионы болса ғой деп тілеймін. Мен шынайы жанкүйермін. «Елімай» жеңілсе де, жеңсе де әрдайым бұл клубпен бірге боламын. Болашақтың алдын алып еш нәрсе айта алмаймын, бірақ клубымды биіктен көргім келеді.
-
4 қазан, 2024
Әлімханұлы VS Михайлович: салмақтары жекпе-жекке сай ма?
-
4 қазан, 2024
Месси мен Роналду қайта кездеседі: Қашан?
-
2 қазан, 2024
Айбек Оралбай украиналық қарсыласын нокаутқа жіберді
-
30 қыркүйек, 2024
Футзалдағы жеңіліс. Толық анализ. Қазақстан-Аргентина (1:6)