Елдос Сметов сыйлықтарын кімге таратып берді? ijf.org. Суретте: Елдос Сметов

100 жылқы, көлік, пәтер, асфальт бар

Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов журналист Динара Сәтжанға берген сұқбатында дүбірлі додадан кейін алған сыйлықтарын кімге таратып берген айтты, деп Dopmedia.kz хабарлайды.

Жамбыл облысының әкімдігі мен жергілікті демеушілер тарапынан Елдос Сметовке су жаңа Lexus LX 600 көлігі табыс етілген. Бұл автокөлікті дзюдошы өзінің әкесіне бергенін айтты. Ал кәсіпкер Жұмабек Жанықұлов сыйға тартқан Mersedes темір тұлпарын Олимпиада чемпионы өзі тізгіндемекші.

Сонымен бірге Олимпиада чемпионына туған жері Тұрар Рысқұлов ауданында Haval 6 көлі тарту етілген болатын.

"Бұл көлікті мені бес жасымнан бастап тәрбиелеген, спортқа махаббатымды оятқан Ахмет Жұмағалиға сыйладым. Ол кісінің жасы қазір 74-те", – деді Елдос Сметов.

Бұдан бөлек Жамбыл облысының дзюдо федерациясының президенті сыйға тартқан арыстан терісін Сметов досына тарту еткен. Әнші Төреғали Төреәлі сыйлаған жылқы қазір Шымкентте екен. Ал ақтөбелік кәсіпкер Ануар Маханов атаған 100 жылқыны чемпион өзінің ағасына берген.

"Менің екінші туған ағам бар. Бұл аттарды сол ағама сыйладым", – деді Елдос Сметов.

Айта кетейік, Елдос Сметов Париж Олимпиадасында 60 кг салмақ дәрежесіндегі финалда франциялық дзюдошы Лука Мхеидзені жеңіп, алтын медаль иеленген еді.