Жақсылық Үшкемпіровтің көлеңкесіндегі қазақ чемпионы кім? olympic.kz. Суретте: Шәміл Серіков пен Жақсылық Үшкемпіров

Оны достары лақтырған, құрамадан шығарған, стипендиясын тартып алған

Даңқты балуан Шәміл Серіковтің есімі уақыт өткен сайын ел есінен шығып барады. 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиадада қос қазақ балуаны – Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіков чемпион атанған. Бірақ бүгінде Шәміл Серіковтің есімі көп атала бермейді, деп Dopmedia.kz хабарлайды.

1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиада ойындарында қазақ балуаны Шәміл Серіков 57 кг дейінгі салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмей, чемпион атанды.

1981 жылы КСРО Коммунистік партиясының шешімімнен спортшылар БАМ-ға (Байкал-Амур ма­гистралі) баруы керек еді. Бірақ та Шәміл Серіков үйімде жөндеу жұмыстарын жүргізуім керек деп бұл сапарға бармады. Оның себебі – Олимпиададан кейін жүлдеге іліккен қазақстандық спортшыларға үш бөлмелі пәтердің кілті табысталды. Ал Шәміл Серіковке екі бөлмелі ескі үй бұйырған екен. Осы мәселеге наразы болған Шәміл Серіков Қиыр Шығысқа бармай қояды.

Ал сол кезеңде коммунистік партияның бұйрығына қайшы келу – өз болашағыңа балта шабумен тең болатынен тең еді. Міне, осы бір оқиғадан кейін Шәміл Серіковке шүйліккен, оның жолын кескен жандардың саны көбейе түсті. Тіпті оны құрама сапынан да шығарып тастады, стипендиясынан да айырды.

Балуанның ұлы Тимур Серіков әкесінің спорттан тысқары қалу кезеңінің отбасы үшін ауыр болғанын ашық айтты.

«Оның спортпен, күреспен байланысты салаларда жұмыс істеуіне бейресми түрде тыйым салынған кезде оның жағдайы өте ауыр болды. Ол күреске әлі де көп үлес қосуға дайын еді, жаттықтырушы ретінде өзін сынап көрді, тіпті бір жылға жуық уақыт интернатта жұмыс істеп, сол жерде мектептер арасындағы чемпионаттың жеңімпазын дайындады. Бұл жұмыс оған ұнады, бірақ ол бұл қызметін жалғастыра алмады.

Әкем отбасының асыраушысы ретінде жұмыс істеуге мәжбүр болды, бірақ ол өз сүйікті ісімен айналыса алмады. Оған көңілі толмайтын жұмыстарды атқаруға тура келді. Бұл жағдай оның көңіл-күйіне де әсер етті, отбасындағы қарым-қатынас та өзгерді. Анам оны қолдауға тырысты, бірақ әкемнің қиналып жүргенін көрген анам да шарасыз күйде болды.

Әкем бір кездері қарбыз өсірді, кейін жүк тасымалдаумен айналысты, бірақ бұл оның мамандығына сай келмеді. Ол өзі танымал спортшы ретінде басқа іспен айналысуды ұят санады. Яғни ол күрес өнерін жетік біледі, өз ісінің шебері, бірақ бұл салаға қатысты емес дүниемен айналысқысы келмеді», – деді балуанның ұлы Тимур Серіков.

Сонымен қатар Тимур әкесінің басына бұлт үйірілгенде оның достары да қолдау көрсетпегенін айтты.

«Әкем атақ-даңқтың шыңында жүргенде, достары жанында болатын, ал қиындық туған шақта олардың барлығы жан-жаққа кетті. Бұл да әкеме ауыр соққы болды. Әрине, отбасымыз қолдады, бірақ бұл оған жеткіліксіз еді. Ол спорт әлемінде жұлдыз болса да, қарапайым адам болып қалды. Достарына адал болды, бірақ олар оны сатып кетті. Бұл оның тағдырын шешкен соңғы ауыр соққы болды», – деді Тимур Серіков.

Айта кетейік, Шәміл Серіков 1989 жылы 33 жасында өз-өзіне қол жұмсап, дүниеден өтті.