Қазақстанға АЭС салу маңызды ма, әлде стадион салу маңызды ма?
Соңғы жылдары елімізде жан-жақты талқылауға түскен екі үлкен мәселе бар. Біріншісі – футбол, спорттық инфрақұрылымды дамыту болса, екіншісі – елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін атом электр станциясын (АЭС) салу. Бұл екі тақырып бір-бірінен алыс болып көрінгенімен, әрқайсысы елдің әлеуметтік және экономикалық дамуына елеулі әсер етеді, деп хабарлайды Dopmedia.kz.
АЭС салудың маңызы неде?
Қазақстанның көптеген өңірлерінде электр энергиясына сұраныс жыл сайын артып келеді. Әлемде атом энергиясы тұрақты және сенімді энергия көзі ретінде мойындалғанына да біршама жылдың жүзі болды. Ал Қазақстанда АЭС салу мәселесін талқылау биыл жандана түсті. Бір тарап АЭС салудың пайдасын асырып, мақтауын тасытып жатыр. Екінші тарап АЭС салудың зиянын айтып, халықтың денсаулығына алаңдаушылық білдіруде.
Сала мамандарының айтуынша, алдағы он жылдың ішінде электр энергиясының тапшылығы 1,5-2 ГВт-қа жетуі мүмкін. Ал осы тұрғыда АЭС салу елдегі тапшылықты жоюға және халықты ұзақ мерзімді перспективада тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге септігін тигізеді.
2 қыркүйекте халыққа жолдау жасаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС салу жөніндегі референдум 6 қазанда өтеді деп айтты. Мемлекет басшысы энергия өндірудің бұл түріне қолдау білдіріп, Қазақстан «энергия көзінің сенімді де экологиялық таза түріне» мұқтаж екенін, АЭС «экономиканың жылдам өсіп жатқан қажеттіліктерін қанағаттандыратынын» айтты.
Футболдың дамуы бізге не береді?
Футбол – жай ғана спорт емес. Бұл – мәдени және әлеуметтік құбылыс. Ол халықты біріктірудің, ұйыстырудың басты көзі деп айта аламыз. Көпмиллионды Қазақстанның футболды дамытуда үлкен әлеуеті бар, алайда бұл спорт әлі де болсын инфрақұрылымның әлсіздігі, қаржылық қолдаудың жетіспеушілігі және халықаралық деңгейде айтарлықтай жетістіктердің болмауы секілді мәселелермен бетпе-бет келіп отыр.
Сонымен қатар футболды дамыту арқылы кез келген ел әлемдік аренада өзінің имиджін, ықпалын жақсарта алады. Биыл Германияда өткен Еуропа чемпионатында Грузия, Албания, Словакия секілді мемлекеттердің ерекше ойнағанын көрдік. Олар алаңдағы ойындарымен халқының қуанышына кенелді, көпшілік жанкүйердің оң көзқарасына ілікті. Тіпті футболшылар да беделді клубтардың қатарын толықтырды. Оған Грузия құрамасының қақпашысы Георгий Мамардашвилидің «Ливерпуль» сапына 45 миллион еуроға ауысқанын тілге тиек етуге болады.
Сол секілді еліміздегі футболды дамыту арқылы біз жоғары нәтижелерге қол жеткізе аламыз. Соңғы жылдары Қазақстан футбол федерациясының бастамасымен елімізде «Алаң» жобасы іске қосылып, қазіргі уақытта еліміздің бірқатар аймағында жасыл алаңдар салынды. Сондай-ақ алдағы уақыттарда Ақтөбе, Шымкент, Қызылорда секілді қалаларда футбол стадиондары бой көтеретіні туралы жаңалықтар да тарап жатыр.
Сондай-ақ соңғы жылдары ұлттық құраманың Еуропа чемпионатына іріктеу турниріндегі керемет жетістігі, Ұлттар лигасында топ жаруы халқымыздың футболға деген оң көзқарасының артып келе жатқанын айғақтайды.
Шығындар мен нәтижелерді салыстыру
Футболдың маңызын АЭС-пен салыстыру үшін нақты сандарға көз жүгіртейік. Бір атом электр станциясын салуға 5-10 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі қаражат кетеді. Ал футболды дамытуға салыстырмалы түрде әлдеқайда аз қаражат қажет. Мысалы, Қазақстанның негізгі футбол клубтары – «Қайрат» пен «Астана» клубтарының бюджеті жылына бірнеше ондаған миллион доллардан аспайды.
Дегенмен, қандай сала үлкен нәтиже береді? АЭС елді электр қуатымен қамтамасыз етіп, жұмыс орындарын құрып, экономикалық тұрақтылықты арттырады. Ал футбол қоғамды біріктіріп, ұлттық мақтаныш сезімін күшейтіп, елдің халықаралық беделін көтере алады.
Оның үстіне, қазіргі таңда еліміздің бірқатар аймағында футбол стадиондарын салу үлкен жетістіктерге алып келетінін айта кетуіміз қажет. Мәселен, елімізде сыйымдылығы 35-40 мыңнан жоғары стадиондарды салып, кейіннен Еуропа чемпионатын, әлем чемпионатын өткізуге мүмкіндік туады. Бұл дегеніміз балалар футболын дамытудың, бұқаралық спорттың насихатын арттырудың үлкен жолы десек те болады. АЭС-ке кететін қаражаттың орнын футбол арқылы шығарып алудың оңтайлы тәсілі де осында жатыр.
Қазақстандағы спорт жүйелі инвестицияларды қажет етеді. Бұл тек стадиондар мен ойыншыларды қамтымайды. Бұл балалар академияларын дамыту, жаттықтырушыларды даярлау және спорттық іс-шаралардың санын көбейту туралы мәселеге де назар аудартады. Мысалы, футбол мәдениеті қалыптасқан Англияда жастардың спортпен айналысу көрсеткіші Еуропа елдерімен салыстырғанда екі есе жоғары. Ал бұл өз кезегінде халықтың денсаулығына оң әсерін тигізеді.
Алайда энергетикалық қауіпсіздіктің маңыздылығын да естен шығармауымыз керек. Электр энергиясындағы ақаулар көптеген салаларға, соның ішінде спортқа да кері әсерін тигізуі мүмкін. Десе де, егер футбол инфрақұрылымы мен жүйелі қолдау болмаса, Қазақстан халықаралық спорт аренасында өз орнын табуы мүмкін емес.
-
27 қыркүйек, 2024
Қазақтардан жеңілген Роналдудың жерлестері жылап қайтты (видео)
-
27 қыркүйек, 2024
"Бұл Өзбекстан мен Бразилияның жеңісі": бас бапкер ерекше пікір білдірді
-
27 қыркүйек, 2024
Геннадий Головкин бас хатшысын тағайындады: ол кім? (фото)