Полиция осы мәселеге қатысты түсініктеме берді
Алматы облысы Талғар ауданында қайғылы оқиға болған жерден бейнебақылау камералары жазбасы өшірілді деген жалған ақпарат тарап жатыр, деп хабарлайды Dopmedia.kz.
Облыстық полиция мәліметінше, БАҚ пен әлеуметтік желіде қайғылы оқиға тіркелген жерден бейнебақылау камералары жазбасы өшірілді деген жалған ақпарат тарады.
"Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында барлық қолда бар бейнежазбаларды полиция тәркілеп, қылмыстық іс материалдарына заттай дәлел ретінде тіркеді. Қазір тергеу барысында барлық бейнежазба зерттеліп, оқиғаға қатысушылардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі", - деп жазылған хабарламада.
Полиция қазақстандықтарды тек ресми ақпаратқа сенуге шақырады және жалған ақпарат таратқандарға қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.
Бұған дейін Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысы бар деген күдікпен 7 адам ұсталғаны хабарланған.