Будвадағы әлем чемпионатында жүлдеге іліккен спортшыларымыз елімізге осынша олжамен оралады.
38 миллион теңге. Будвадағы әлем чемпионатында жүлдеге іліккен спортшыларымыз елімізге осынша олжамен оралады.
Ұйымдастырушы тарап, яғни, халықаралық бокс федерациясы жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйақы тағайындаған болатын. Нақтырақ айтқанда, бірінші орынға 8 мың, екінші орынға 4 мың, ал, үшінші орынға 2 мың доллардан табыстады. Тіпті, ширек финалға шыққан боксшылардың өзіне 1 мың доллардан берді. Жалпы жүде қоры 500 мың долларды құрады. Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында 6 алтын, 1 күміс және 10 қола жеңіп алғаны белгілі. Олардың сыйақысы жалпы алғанда 78 мың долларды құрады. Ал, оны ұлттық валютамызға шаққанда 38 миллион теңгеден асады.
Айта кетейік, ерлер құрамасынан Бексұлтан Боранбек (51 кг), Төрехан Сабырхан (67 кг), Өнер Сейілхан (71 кг) және Санжарәлі Бегалиев әлем чемпионы атанды. Ал, қыздар құрамасынан Елянур Турганова (50 кг) мен Аружан Зейноллаева (81 кг) бірінші орын иеленді. Сонымен қатар, Ұлдана Таубай (66 келі) финалда қасрыласына есе жіберіп, күміс жүлдеге қол созды. Бұған қоса, қазақстандық Диас Берікбай, Жансері Көшербаев, Расул Асанханов, Аслан Елдібайұлы, Әнел Абдрасилова, Бағжан Отынбай, Толғанай Қасымхан, Аружан Жаңабаева, Шұғыла Нәлібай және Панар Сейітханқызы өз салмақ дәрежелерінде үздік үштікті түйіндеп, қола жүлде иеленді.