Ол бұл қызметке 2022 жылы ақпанда сайланған
Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) президенті Әділет Барменқұлов өз еркімен қызметінен кету туралы шешім қабылдады, деп Dopmedia.kz ҚФФ-ның ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды,
Әділет Назарбайұлы 2022 жылы ақпанда ҚФФ президенті болып сайланды. Осы сәттен бастап ел футболының дамуының жаңа кезеңі басталды. Оның бастамасымен бұқаралық футбол, әйелдер футболы және инфрақұрылымды дамытуға арналған жобалар сәтті іске асты. Екі жыл ішінде мыңдаған бала мен жастарға футболмен сапалы алаңдарда жаттығуға мүмкіндік берген «ALAN» жобасы аясында еліміздің әр түкпірінде 13 жаңа толыққанды алаң ашылды.
Елде миллиондаған жанкүйерді біріктірген «футбол дүмпуі» болды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға футболмен шұғылдану қолжетімді болды. Әділет Назарбайұлының бастамасымен біздің футбол жаңа деңгейге көтеріліп, Еуропада танымалдылығы артты. Бұл көптеген халықаралық ұйымдармен тығыз ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуға жол ашты. ФИФА және УЕФА президенттері үлкен қолдау көрсетті.
Кәсіби футбол менеджерлерінің дамуы үшін маңызды қадам болып AlmaU университетімен бірлесіп футбол менеджменті академиясы ашылды.
2022 жылы футболдан Қазақстан құрамасы тарихында алғаш рет УЕФА Ұлттар лигасының «С» дивизионын жеңіп алды. 2023 жылы ұлттық құрама ЕУРО-2024 іріктеу кезеңінде рекордтық 18 ұпаймен тарихи көрсеткішке жетіп, Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне шығуға бір қадам жақын болды. Бұл сәттер біздің футбол тарихының ажырамас бөлігіне айналып, әрбір жетістік — оның алғыр басшылығы мен өз ісіне деген құштарлығының нәтижесі болды.
Биыл ФИФА-мен бірге 15 жасқа дейінгі Қазақстан футбол құрамасының академиясы ашылды. Сондай-ақ Әділет Назарбайұлының күш-жігерінің арқасында футзалдан Қазақстан құрамасының ФИФА мен УЕФА рейтингтеріндегі орны жақсарды. Ұлттық құрама УЕФА рейтингінде екінші орынға көтеріліп, әлемдік рейтингте үздік бес құраманың қатарына енді.
УЕФА-мен бірге қыздарға арналған «Менің ойыным» футбол фестивалі мен қыздарды футболға баулуға бағытталған Playmakers жобасы сәтті өтті. Бұл жобалар Қазақстандағы әйелдер футболының негізіне айналды.
Айта кетейік, ҚФФ Жарғысына сәйкес, жаңа президент ҚФФ кезектен тыс конференциясында сайланады.