Бақтиер Зайнутдинов Түркия лигасының деңгейі туралы айтты
Түркияның «Бешикташ» және Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Бақтиер Зайнутдинов Түркия мен Ресей футбол чемпионаттарының айырмашылықтары туралы айтты, деп хабарлайды Dopmedia.kz.
«Қай чемпионат мықтырақ? Әр чемпионаттың өзіне тән күші бар. Түркияда ойын ашығырақ, мұнда шабуылға көбірек көңіл бөледі, себебі жанкүйерлер өте талапшыл, олар алаңда шоу көргісі келеді. Көптеген команда төрт қорғаушымен ойнайды. Түркияда футболшылардың деңгейі РПЛ-ға қарағанда жоғарырақ деп ойлаймын, әсіресе «Галатасарай», «Фенербахче», «Бешикташ» сияқты жетекші командалардың ойыны бөлек деңгейде екені сөзсіз. Бұл клубтар танымал футболшыларды, жұлдыздарды сатып алады», – деді Зайнутдинов.
Айта кетейік, биылғы маусымда Зайнутдинов Түркия Суперлигасында екі матчқа қатысып үлгерді, бірақ нәтижелі әрекет жасай қойған жоқ. Оның «Бешикташпен» келісімшарты 2027 жылдың жазына дейін жалғасады. Transfermarkt мәліметі бойынша, қазір футболшының нарықтық құны 4 млн еуро.