Спорт министрінің орынбасары жұмысынан босатылды
Аргентина президенті Хавьер Милейдің баспасөз қызметі Спорт министрінің орынбасары Хулио Гарроны жұмысынан босатты. Ол Аргентина құрамасының капитаны Лионель Мессиге талап қойған болатын, деп хабарлайды Dopmedia.kz тілшісі.
Аргентина құрамасының ойыншылары әлеуметтік желіде Франция футболшыларына қарсы нәсілшіл бағыттағы ән айтқаны үшін басы дауға қалып еді. Кейінірек Аргентина құрамасының жартылай қорғаушысы Энцо Фернандес кешірім сұраған болатын.
Ал осыдан кейін Аргентинаның Спорт министрінің орынбасары Хулио Гарро команда капитаны Лионель Месси бұл оқиға үшін кешірім сұрауы керек деп айтты. Бұл туралы TycSports басылымы арнайы жазып, Хулио Гарроның сөзін келтіреді.
"Менің ойымша, ұлттық құраманың капитаны көпшілік алдына шығып, Аргентина футбол федерациясының президенті сияқты бұл жағдай үшін кешірім сұрауы керек", – деді Гарро.
Дереккөздің мәліметінше, Спорт министрінің орынбасары бірнеше сағаттан кейін X желісіндегі парақшасында жоғарыдағы сөзді жоққа шығарды.
Алайда арада бір күн өткен соң, Хулио Гарроның қызметінен босатылғаны белгілі болды.
"Бірде-бір үкімет Аргентина құрамасының не ойлайтынына, не дейтініне, не істейтініне қарсы бола алмайды. Бұл мәселе әлем чемпионына да, Олимпиада чемпионы мен Американың екі дүркін чемпионына да қатысты. Сол себепті Хулио Гарро Спорт министрінің орынбасары қызметінен босатылады", – деп жариялады президенттің баспасөз қызметі.
Айта кетелік, Америка кубогының финалында аргентиналықтар 1:0 есебімен жеңіске жетіп, 16-мәрте Америка кубогын иеленген болатын. Бұл Лионель Мессидің мансабындағы 45-трофей болды.