Велошабандоз Алексей Луценко «Астана» сапынан кетті
Қазақстандық велошабандоз Алексей Луценко проконтинентальды Israel-Premier Tech командасымен 2026 жылдың соңына дейін екі жылдық келісімшартқа қол қойды, деп Dopmedia.kz Қазақстан велоспорт федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Луценко 2013 жылдан бері Astana командасында өнер көрсетіп, 43 рет жеңіске жетті. Оның жетістіктері қатарында Тур де Франс пен Вуэльта Испания кезеңдеріндегі жеңістер, Оман турының екі дүркін жеңімпазы, Алматы турының үш мәрте чемпионы, Гуанчжоудағы Азия ойындарының жеңімпазы, сондай-ақ Түркия туры, Сицилия Джиро, Абруццо Джиро, Норвегияның Арктикалық жарысы және Хайнань турындағы жеңістері бар.
Алексей Луценко жаңа командаға ауысу себебін түсіндіріп, алға қойған мақсаттары туралы айтты:
«Astana командасында өткізген 12 жыл керемет болды, бірақ мен жаңа мақсаттарға жету үшін мотивация іздедім. Кейде жаңалыққа қол жеткізу үшін жайлы аймақтан шығу қажет. Astana Qazaqstan туралы тек жақсы сөздер айта аламын, команда арқасында көп жетістікке жеттім. Бірақ жаңа ортада көбірек нәрсеге қол жеткізуге потенциалым бар екенін сеземін. Israel-Premier Tech командасында көп досым бар, олардың қаншалықты жан-жақты өсіп келе жатқанын көрдім. Келешекте команда одан әрі күшейетініне сенімдімін. Команда басшылығымен әңгімелесу барысында олардың өсуге деген ынтасын байқадым, соның ішінде менің де дамуыма және жалпы іске үлес қосуыма мүдделі екенін көрдім».