«Түбі елден қашып тынатын» футбол менеджерлерін қалай тыямыз?
Қазіргі уақытта еліміздегі футбол менеджментіне, клубтардың бюджетті жұмсауына қатысты сындар көптеп айтылып жүр. Тіпті мемлекет ақшасын тиімді пайдалана алмай, қарызға батып жатқан командалардың бар екенін көпшілік естіп-біліп жүр. Былтыр Алматыда Қазақстан футбол федерациясы мен Almaty Management University басшылары футбол бойынша білім беру бағдарламасын іске қосуды көздейтін меморандумға қол қойған болатын. Футбол менеджментін дамытуға бағытталған бұл жоба аясында бүгінде бірнеше менеджер арнайы курстан өтті, деп Dopmedia.kz тілшісі хабарлайды.
Жобаның негізгі мақсаты – футбол индустриясындағы менеджментті дамыту, қазақ футболының жан-жақты өріс алуына үлес қосу. Осы уақытқа дейін бірнеше футбол менеджері осы бағдарлама аясында білім алды. Қазіргі уақытта олардың басым бөлігі бірқатар қазақстандық клубта қызмет етіп жүр. Курстан өткен менеджерлер саны - 173.
Азуын айға білеген шетелдік клубтардың өзін-өзі қаржыландыруы, футбол менеджментін бір жүйеге қойып дамытуын көптеген спорт маманы мысал ретінде айтып жатады. Халық та мемлекет қаржысынан күн көріп, еш нәтиже бере алмай келе жатқан отандық клубтарға наразы. Футбол жайлы әңгіме бола қалса, бірден легионер мен жалақы мәселесі сөз болады. Бірақ та футбол менеджментін дамытуға арналған аталмыш жоба осы бір олқылықтардың орнын жабатындай көрінеді.
Негізінен, «Футбол менеджменті» курсы – Қазақстан футболындағы болашақ көшбасшыларды даярлайтын арнайы орта. Аталмыш бағдарлама негізінде білімгер 9 модуль бойынша дәріс алады: стратегиялық менеджмент, қаржы, операциялық менеджмент, команданы басқару, инфрақұрылымды басқару және іс-шараларды ұйымдастыру, спорттық агент, спорттық маркетинг, демеушілік және жанкүйерлермен байланыс. Сондай-ақ, оқыту кәсіпкерлік дағдыларды да дамытуға арналған. Яғни, футбол менеджерлері футбол индустриясын бизнес ретінде дамытпақ.
Белгілі спорт комментаторы Жандос Байділда да қазақ футболындағы менеджменттің әлсіз, аталмыш саланы дамыту қажет екенін айтқан.
«Қазақстанда футбол менеджменті әлсіз. Футбол клубтарының басшылығында арнайы білімі жоқ адамдар отырды. Олар сосын 1 млрд теңге бөлсең де, 5 млрд теңге бөлсең де клубты қарызға батырып – түбі елден қашып тынады немесе қамалып кетеді. Ел бюджеті осылайша желге ұшады», – деді Жандос Байділда.
Сонымен қатар, Жандос Байділда ҚФФ мен AlmaU-дің бірлескен жобасының жүйелі әрі болашақта өз жемісін беретінін тілге тиек етті.
ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов аталмыш жоба қазақ футболындағы бірқатар кемшіліктің орнын толтыратынын айтты.
«Футбол ұйымдарын тиімді басқаруда білікті менеджерлер маңызды роль ойнайды. Сондықтан, мықты футбол экожйүесін құру үшін білікті мамандар қажет», – деді Әділет Барменқұлов.
Алдағы уақытта Almaty Management University филиалын Атырау мен Ақтау қалаларында ашылып қалуы бек мүмкін. Осы аймақта футбол менеджерлерін даярлап, арнайы жұмыстар жүргізіледі.
Айта кетейік, аталмыш жоба УЕФА-да қорғалып, 55 мемлекеттің ішінен 4-орын алған. Халықаралық ұйымның тарапынан ерекше бағаға ие болған аталмыш жобаның берері мол көрінеді. Сондай-ақ бұл бағдарлама аясында білім алған қатысушылар ҚФФ-дан немесе өзге де футбол клубтарында арнайы тәжірибеде сынға түсіп, жиған білімдерін іс жүзінде атқара алады. Қазіргі уақытта бірнеше түлек осы бағытта қызмет етіп жүр.
-
9 қазан, 2024
Спортшы Айша Уәлишанның құлдықта адам ұстағаны рас па?