Жанна Қазтуғанова қол күрестен әлем чемпионы атанды Мұрат Ибатов

Қазақстандық спортшы әлемдік турнирде топ жарды

Молдова астанасы Кишинев қаласында қол күресінен ХХХХV әлем чемпионаты өтті. Бұл туралы Dopmedia.kz тілшісі Inform.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Батысқазақстандық қол күресі шебері Жанна Қазтуғанова әйелдер арасында 55 келіге дейінгі салмақта топ жарды.

Жанна жарыс барысында аса азулы қарсыластарын қапы қалдырды. Алғашқы белдесуінде украин қызымен кездесіп, айласын асырды. Содан кейін жапониялық Аяна Такенакаға былтырғы кеткен есесін қайтарып, бір қуантты. Сосын румыниялық Андреа Добрынияның меселін қайырды. Түркиялық Есра Киразбен жекпе-жекте жоғары тарту әдісін жүзеге асыра алмады. Дегенмен жартылай финалда А.Такенаканы қайтадан ұтты. 

«Финалда әлемнің 11 дүркін чемпионы Е.Кираз қайта тап келді. Оған арнайы дайындаған әдіс-тәсілімізді қолдандық. Соңғы бәсекеде Есраны екі рет ұтып, жеңіске жеттік. Жарысқа дайындалу кезінде Жанна 12 келі салмақ қуған еді, сондықтан өте қиын болды. Бірақ көздеген нәтижемізге қол жеткізіп, Жанна облыс тарихында алғаш рет қол күресінен әлем чемпионы атанды. Шет жерде қазақтың туын желбіретіп, әнұранын шырқатқанымызға өте қуаныштымыз», деді бапкері. 
 

Айта кетейік, бұл додаға әлемнің 61 елінен 1500-ден астам спортшы қатысты.