Журналист сапалы спорт резерві жоқ екеніне наразы
Белгілі спорт журналисі Аслан Қаженов Facebook желісіндегі ресми парақшасында Париж Олимпиадасына қатысты мәселелерді ортаға салып, сапалы спорт резерві жоқ екеніне қынжылды, деп Dopmedia.kz хабарлайды.
Аслан Қаженов еліміздегі спорт түрлеріне байланысты сапалы спортшыларды таппайтынымызды айтты.
«Біз қазір тек Париж Олимпиадасының нәтижесін ғана айтып жүрміз. Ал, тереңірек ойласақ, 2028 жылы Лос-Анджелесте те, 2032 жылы Брисбенде де осылай масқара болуымыз мүмкін. Неге? Өйткені, сапалы резерв жоқ. Мәселен, боксты алайық. Қазір жастар құрамасында тек 8 өңірдің өкілдері жүр. Қалған 12 облыстың спортшылары жоқ. Күрес түрлерінде, әсіресе, еркін күрес және әйелдер күресінде 5 аймақтың бірде-бір баласы жоқ. Ең көп медаль сарапқа салынатын жеңіл атлетиканы алайық. Жастар және жасөспірімдер құрамасында 5 облыстың спортшылары мүлде кездеспейді. Дәл солай жүзу спортында құрамамыздан 9 өңірдің өрендерін таппайсыз. Спорттық гимнастикада 10 аймақтың спортшылары жоқ. Осылай-осылай кете береді», – деді спорт журналисі Аслан Қаженов.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта еліміздегі бірқатар аймақтарда спорт мектептері мен интернаттарының аз екенін атап өтті.
«Тағы бір өзекті мәселе, біраз аймақта дарынды балаларға арналған спорттық мектеп-интернат-колледждер де жоқ. Атап айтқанда, Ұлытау, Маңғыстау, Алматы, Абай, Қостанай облыстары. Шымкент пен Астана қалалары да осы тізімде. Сосын ғой легионерлерді үйіп-төгіп әкеле береміз. Яғни, қазір саланың тізгінің ұстап отырғандар жұмыс жасағысы келмейді деген сөз. Бірақ, нәтиже сұраған кезде жылдам және жеңіл жеңістер арқылы есеп беріп, сытылып кетуге тырысады.
Кеше барлық аймақтың спортқа жауапты басшылары жиналды. Мыңқ-мыңқ етіп, ештеңе айта алмайды. Тіпті, микрофон ұстауды да білмейді. Түсінбейтінім, неге өздеріңді қинап жүрсіздер? Сол қайыс креслоға жабысып отырғаннан бүкіл аймақтың спорты, оның артында бүкіл қазақтың спорты зардап шегіп жатыр. Жігіттер, қолдарыңнан іс келсе, істеу керек. Келмесе, келетіндерге беріңдер. 20 облыста спортқа жанашыр 20 жігіт табылмайды дегенге сенбеймін. Бұл – менің кәдімгідей жанайқайым. Сыртыңыздан көріп тұрып, сіздер үшін мен неге ұялуым керек? Халық та ақымақ емес. Бәрін байқап отыр, бәрін бағамдап отыр», – деді Аслан Қаженов.
-
4 қазан, 2024
Әлімханұлы VS Михайлович: салмақтары жекпе-жекке сай ма?
-
4 қазан, 2024
Месси мен Роналду қайта кездеседі: Қашан?
-
2 қазан, 2024
Айбек Оралбай украиналық қарсыласын нокаутқа жіберді
-
30 қыркүйек, 2024
Футзалдағы жеңіліс. Толық анализ. Қазақстан-Аргентина (1:6)