Қазақстандық волейболшы еуропалық клубта өнер көрсетеді asianvolleyball.net

Сана Анарқұлова алдағы уақытта Сербияда ойнайды

Волейболдан Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны әрі көшбасшысы Сана Анарқұлова жаңа маусымды сербиялық «УБ» командасының құрамында бастайды. Бұл туралы Dopmedia.kz тілшісі хабарлайды.

 

«УБ» командасы Сербияның ең мықты клубтарының бірі. 2021/2022 жылғы маусымда олар Сербия чемпионы атанды. Өткен маусымда команда тұрақты чемпионатта бесінші орынға ие болып, плей-оффтың бірінші кезеңіне дейін ойнады.

Сана Анарқұлова өскемендік «Алтай» командасының сапында волейболдан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы атанған. Сондай-ақ, ол «Алматы», «Жетісу», «Ертіс» командаларында ойнаған. 2023/24 жылғы маусымда спортшы түркістандық «Тұран» сапында өнер көрсетіп, ел чемпионатында жеңіске жетті.

35 жастағы Сана Анарқұлова үшін «УБ» мансабындағы алғашқы еуропалық клуб болады.  Сонымен бірге, 2023 жылы ол бірнеше ай бойы Вьетнам чемпионатында өнер көрсетті.

Қазақстан құрамасының құрамында Сана Анарқұлова бірнеше мәрте әлем чемпионаттарында өнер көрсетті, 2010 жылғы Азия ойындарының жүлдегері атанды, ал 2024 жылғы маусымда Ұлттар лигасына аясында Азия іріктеуінің финалына жетті.