Қазақ балалары испаниялық клубта жаттығуға мүмкіндік алды
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында бұқаралық спортты дамыту, халық саулығын жақсарту және балалар мен жасөспірімдер футболын ілгерілетуге аса назар аударған болатын. Осыған сәйкес, 2023 жылы DOSCAR GROUP компаниясы Қазақстан Республикасының Испаниядағы елшілігімен бірлесіп, испандық "Атлетико Мадрид" футбол клубымен келіссөздер жүргізе бастаған. Бір жылдан астам уақытқа созылған келіссөздің нәтижесінде 10 жылдық мерзімге жоспарланған келісімшартқа жуырда қол қойылды. Футбол клубының академиясы Талғар қаласындағы "Ақбұлақ" Олимпиадалық орталығының базасында орналасатыны айтылуда. Бұл Орталық Азиядағы осындай алғашқы жоба болмақ, деп жазады испандық жаңалықтар агенттігі EFEComunica, деп хабарлайды Dopmedia.kz.
DOSCAR GROUP өкілдерінің хабарлауынша, жыл бойы испандық клуб басшылығымен белсенді келіссөздер жүргізіліп, жобаға барлық мүдделі тараптарды тарту мүмкіндігі туды. 2024 жылы Қазақстанда "Атлетико Мадрид" балалар мен жасөспірімдер академиясын құру туралы тарихи келісімге қол қойылды. Бұл Испан клубының ТМД және Орталық Азия аумағындағы алғашқы ресми академиясы болмақ.
2024 жылдың маусым айында "Атлетико Мадрид" футбол клубының президенті Энрике Сересо Қазақстанға келіп, жобаға қатысты Мемлекет басшысымен кездескен болатын. Кездесу нәтижесінде академия "Ақбұлақ" Олимпиадалық орталығының аумағында орналасатыны туралы келісімшартқа қол қойылды. Академия болашақ футбол жұлдыздарын дайындайтын бірегей орталыққа айналады деп күтілуде.
"Атлетико Мадрид Қазақстан" Академиясы өз алдына үлкен міндеттер қойып отыр. Әлемдік футбол қауымдастығы мойындаған әдістемелерге негізделе отырып, сапалы білімін беру басты міндет деп тануда. Испаниядан келген кәсіби жаттықтырушылар әр тәрбиеленушімен жеке жұмыс жасап, олардың техникалық және тактикалық дағдыларын дамытуға атсалыспақ.
"Қазақстанда академиямызды ашу – бұл кезекті жоба емес, бұл футбол әлеміндегі нағыз төңкеріс деуге де болады. Біз қазақстандық балалардың зор әлеуетке ие екеніне сенімдіміз, біздің академия болашақта ұлы футболшылардың ордасына айналады. Біз мұнда өз әдістемемізді, тәжірибемізді және жеңіске деген бұлжымас ұмтылысымызды алып келіп, елдегі футбол спортының деңгейін жаңа биікке көтереміз", – дейді "Атлетико Мадрид" клубының Академияны дамыту және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі директоры Эмилио Гутьеррез Болоуза
"Атлетико Мадрид Қазақстан" академиясын ашу 2025 жылға жоспарланып отыр және ол Қазақстан мен Орталық Азияда футбол спортын дамытуға серпін беріп, елдің таланттары жастарына зор мүмкіндіктер ашпақ.