Арбатта ән салған келіншек жан сырын ақтарды
Әлеуметтік желіде қолында кішкентай баласымен Алматының Арбатында ән айтқан әйелдің видеосы тарап жатыр. Massaget.kz видео кейіпкерін тапты, деп хабарлайды Dopmedia.kz.
Арбатта ән айтқан балалы әйелдің видеосы TikTok желісінде 1 миллион 600 мың қаралым жинаған.
Желі қолданушылары әйелге көмектескісі келетінін айтып, ол туралы ақпарат сұраған.
"Бір қолымен әлемді тербеп тұр ғой", "Балабақшаға мен төлеп отырайын, жұмысқа шығып кетіңіз", "Жарайсыз", "Жүрегім ауырып кетті, біздің қазақтың әйелдері мықты ғой", - деді олар.
Видеодағы әйелдің есімі - Лалагүл Есенова, ол 38 жаста. Түркістан облысының тумасы, қазір Шымкентте балаларымен пәтер жалдап тұрады.
"Ешқандай музыкалық білім алмағанмын. Өзімнің талантым. Сахнаға, тойға шығып көрмегенмін. Аталарым ақын болған, әкем мектепте музыкадан сабақ берген", - деді ол.
Лалагүл Есенованың 4 ұлы бар, қазір жұбайымен екіге кеткен. Дегенмен бұрынғы жұбайы балаларымен араласып тұратынын айтады.
"Балаларға көмектеседі. Жаман деп айтпаймын. Көлік жуатын жерде жұмыс істеп жүр. Тұрмыс болған соң жетпейді", - дейді видео кейіпкері.
Балалардың үлкені 15 жаста, кішісі енді 2 жасқа толады. Лалагүл Есенова "бәрі балаларым үшін" дейді.
"Басында ұялдым. Бірақ бәрін жиыстырып қойып, бала-шағам үшін шықтым. Видеода тура балам жылап қалған сәт түсіп қалыпты", - деді ол.
Видео кейіпкерінің айтуынша, бұл - оның Арбатта екінші рет өнер көрсетуі.
"Жазда да Арбатта ән айтқанмын, бірақ жазда бұлай шулаған жоқ. Ол кезде де қиналған соң ән айтып көрдім. Пәтердің жалдау ақысын төлей алмадым. Пәтерден шығарып жіберген кездер болды. 15 мың теңгенің пәтеріне келгенмін, бірақ іші суық, пеші жоқ, бір жағынан алдымыз қыс, балалар тоңатын болған соң, басқа пәтерге көшу үшін ақша қажет болды. Күн де бірден суып кетті. Балаларыма мектепке қалың киім, азық-түлік керек болды. Соған жұмыс істейін деп бардым. Басқа жұмыс істей алмаймын. Балаларым кішкентай", - деді ол.
Лалагүл Есенова көпбалалы ана ретінде балаларға 59 мың теңге көмек алатынын айтты. Дегенмен ол ешкімді мазалағысы келмейтінін де жеткізді.
"Балаларымды Үкімет үшін, әкімдер үшін туған жоқпын. Ешқандай көмек керек жоқ", - деді ол.
-
28 қазан, 2024
Мен нағыз алқаштан туған қызбын – танымал тиктокер (видео)
-
24 қазан, 2024
Оқушы қыздар мұғалімді аямай соққыға жықты (видео)