Олимпиаданың үздік жекпе-жегінде кімнің асығы алшысынан түседі?
Бүгін, 2 тамызда Париж Олимпиадасындағы бокс бәсекесінен қазақстандық былғары қолғап шеберлері Сәкен Бибосынов, Нұрбек Оралбай және Карина Ибрагимова шаршы алаңға шығады. Бұл туралы Dopmedia.kz тілшісі хабарлайды.
Егер Нұрбек Оралбай әзірбайжандық Мурад Аллахвердиевті жеңсе, ал Бибосынов ширек финалда өзбекстандық Хасанбой Дусматовты жеңсе, қазақстандықтар өздеріне кем дегенде қола медальды қамтамасыз етеді.
Карина Ибрагимова үшін Париж Олимпиадасы енді ғана басталады. 1/8 финалда ол Пуэрто-Рико өкілі Ашлиян Лозада Моттамен кездеседі.
Қазақстандық боксшылардың ішінен бірінші болып рингке Нұрбек Оралбай шығады. Нұрбек Оралбай мен Мурад Аллахвердиев арасындағы жекпе-жек Қазақстан уақытымен 20:22-де басталады. Кездесуді "Ел Арна" телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.
23:32-де Карина Ибрагимова мен Лозада Мотта арасындағы жекпе-жек басталады. Кештің соңғы жекпе-жегі Сәкен Бибосынов пен Хасанбой Дусматов арасындағы кездесу 00:20-ға жоспарланған.
Карина Ибрагимова мен Бибосыновтың жекпе-жектерін "Хабар" телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.