Әлемнің үздіктерін шаң қаптырған шахматшы қыздарымыз туралы не білеміз? (фото) Dopmedia.kz дайындаған сурет

Шахматшы қыздарымыз Олимпиадада әлем спортшыларын сан соқтырды

Мажарстан астанасы Будапеште өткен шахмат Олимпиадасында Қазақстан әйелдер құрамасы өз тарихында алғаш рет күміс жүлде жеңіп алды. Осы орайда Dopmedia.kz тілшісі әлемнің мықтыларын шаң қаптырған қазақ қыздар туралы ақпаратты оқырман назарына ұсынбақшы.

Бибіcара Асаубаева (20 жаста)

Бибісара Асаубаева 2004 жылы 26 ақпанда Тараз қаласында дүниеге келген. Әйелдер арасында гроссмейстер атағын 2019 жылы, ерлер арасында халықаралық шебер атағын 2020 жылы иеленді. Екі дүркін блиц бойынша әлем чемпионы (2021, 2022). Сондай-ақ 2021 жылы шахмат тарихындағы ең жас чемпион атанды. Сол жылы рапид бойынша әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды. 2021 жылғы Азия чемпионы атағына жеткен. 2023 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері атағын алды.

Меруерт Камалиденова (19 жаста)

Меруерт Камалиденова 2005 жылы 3 тамызда дүниеге келген. Әйелдер арасында халықаралық шебер атағын 2021 жылы иеленген. 2019 жылы жасөспірімдер арасындағы шахмат бойынша әлем чемпионы атанды. Меруерт Камалиденова Қазақстанның шахмат чемпионаттарында түрлі жас санаттарында бірнеше мәрте жеңімпаз болды. Ол Қазақстан атынан әлемдік және азиялық жасөспірімдер чемпионаттарында өнер көрсетіп, 2019 жылы 14 жасқа дейінгі қыздар арасында шахмат бойынша әлем чемпионы, 2017 жылы 12 жасқа дейінгі қыздар арасында Азия чемпионы, 14 жасқа дейінгі қыздар арасында да Азия чемпионы атанды.

Алуа Нұрман (17 жаста)

Алуа Нұрман – Қазақстан құрамасындағы ең жас шахматшы. Алуа Нұрман Алматы қаласында дүниеге келген және қазіргі таңда небәрі 17 жаста. Жас шахматшы халықаралық шебер атағын иеленіп, гроссмейстер атағына бір қадам ғана қалды. Алуа Нұрманның есімі алғаш рет 2023 жылы үлкен танымалдылыққа ие болды. Сол жылы ол Pro Chess League жаһандық лигасының финалында Қытайдың әлем чемпионы Цзюй Вэньцзюньді жеңіп, өз командасы Gotham Knights-қа жеңіс сыйлады. 2024 жылғы маусымда да Алуа өз позициясын нығайта түсті. Мысалы, шілде айының соңында ол Швейцарияда өткен Biel шахмат фестивалінде әйелдер арасында бірінші орын алып, екінші халықаралық шебер нормасын орындап, бүкіл турнирді жеңіліссіз аяқтады. Сондай-ақ блиц бойынша Азия чемпионы атанып, алтын медаль жеңіп алды. Соңғы уақыттарда Алуа Нью-Йорк, Катар және Түркияда өткен қиын турнирлерде үздік үштікке тұрақты түрде еніп жүр.

Әмина Қайырбекова (18 жаста)

Әмина Қайырбекова 2013 жылы Грекияда өткен 7 жасқа дейінгі әлем біріншілігінің вице-чемпионы атанды. 2014 жылы Ташкентте өткен 8 жасқа дейінгі Азия чемпионатында 2-орын алды. Сондай-ақ Әмина Қайырбекова ккі дүркін Қазақстан чемпионы (2013, 2014). Көптеген қалалық және республикалық турнирлердің жеңімпазы және жүлдегері атанған.