Құлақ тістегіш Суарес ұлттық құрамадағы мансабын аяқтады

Ол өз мансабында мықты клубтарда доп тепкен

Атақты шабуылшы Луис Суарес Уругвай ұлттық құрамасындағы мансабын аяқтағанын мәлімдеді, деп Dopmedia.kz хабарлайды.

Суарес Уругвай құрамасында 2007 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Осы уақыт аралығында ол ұлттық құрама сапында 142 матч өткізіп, 69 гол соғып, Уругвай құрамасының тарихындағы ең үздік сұрмерген атанды. 2011 жылы Суарес Уругвай құрамасымен бірге Америка кубогының жеңімпазы атанған болатын.

2024 жылғы Америка кубогында Суарес Уругвай құрамасымен жартылай финалға дейін жетті, Колумбия құрамасына 0:1 есебімен жол берді. Үшінші орын үшін өткен матчта Уругвай құрамасы Канаданы пенальти сериясында (2:2, 4:3) жеңді. Бұл турнирде Суарес төрт матчқа қатысып, бір гол соқты.