Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері алдағы ойындарға қатысты ойымен бөлісті
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов УЕФА Ұлттар лигасына дайындығы туралы пікір білдірді. Бұл туралы Dopmedia.kz тілшісі СпортЭкспресс басылымына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Қазақстан құрамасы Ұлттар Лигасында Норвегия, Словения және Аустриямен бір топқа түскен еді. Черчесов осы қарсыластарына қатысты не ойлайтыны туралы белгілі болды.
- Мен Словения мен Аустрия командаларын Еуро-2024 турнирінде өз көзіммен көрдім. Сонымен қатар, Қазақстан құрамасы өткен іріктеу циклінде Словениямен кездесті. Сондықтан Магомед бізге қызық әрі пайдалы ақпарат бере алады деп ойлаймын. Норвегиялықтарға келетін болсақ, мен оларды әзірге тек видеодан көрдім. Ұлттар лигасындағы тобымыз күрделі, бірақ қызық, - деді бас бапкер.
Айта кетейік, 6 қыркүйек күні Қазақстан құрамасы Алматыда УЕФА Ұлттар лигасының топтық кезеңі аясында Норвегияға қарсы алғашқы ойынын өткізеді.