Бейтаныс есім мен беймәлім құрама: Тәжікстан футзалы туралы не білеміз? Peerapon Boonyakiat/SOPA Images/LightRocket via Getty Images. Суретте: футзалдан Тәжікстан құрамасының ойыншылары

Ертең, 22 тамызда Қазақстан мен Тәжікстан футзал құрамалары кездеседі

Ертең, 22 тамызда Астана қаласында футзалдан Қазақстан мен Тәжікстан құрамалары жолдастық кездесу өткізеді. Осы орайда Dopmedia.kz тілшісі Тәжікстан футзалының дамуына байланысты талдау жасады.

Футзалдан Тәжікстан құрамасы жергілікті футбол Федерациясының бақылауында және ФИФА мен АФК-ның мүшесі болып саналады.

Қазіргі уақытта Тәжікстан 1116 ұпай жинақтап, әлемдік рейтингтің 34-сатысына жайғасқан.

Тәжікстан футзалы уақыт өткен сайын қарқын алып, жан-жақты дамып келеді. Мәселен осы жылы өткен Азия кубогында Тәжікстан құрамасы өз тобында бірінші орын алып, плей-оффқа шыққан болатын. Ширек финалда Ауғанстаннан 2:1 есебімен айласын асырса, жартылай финалда Таиландпен өткен тартыста матчта 3:4 есебімен есе жіберіп қойды. Ал қола медаль үшін таласта Өзбекстан құрамасынан айласын асыра алмады (5:6). Осылайша, Тәжікстан құрамасы осы біріншілікте 4-орынға тұрақтаған болатын. 

Сонымен қатар биыл Өзбекстанда өтетін әлем чемпионатына Тәжікстан құрамасы өз тарихында тұңғыш рет қатыспақ. Е тобында Марокко, Португалия, Панамаға қарсы ойын өткізеді. Жалпы алғанда, Тәжікстан алғаш рет әлем біріншілігіне қатысып, көпшілік күтпеген тосын нәтижені де тіркеуі әбден мүмкін.

Тәжікстан құрамасының бас бапкері Пайрав Вохидов Астанада өтетін (22 тамыз және 24 тамыз) ойындарға 16 ойыншыны алып келді. Тек негізгі қақпашы Фируз Бекмуродов қана жарақатына байланысты бұл ойындарға қатыса алмайды. Сонда да Тәжікстан құрамасы екі матчта да Қазақстанға тегеурінді қарсылық көрсететіні анық. Дилшод Саломов, Комрон Алиев, Умед Кузиев секілді ойыншылар да барын салары анық.

Ал Қазақстан құрамасы әлем чемпионаты алдында үш түрлі құрамамен жолдастық матч өткізуге бекініп отыр. 22, 24 тамызда (Астана, «Сайран Арена») Тәжікстанға қарсы ойын өткізсе, 30 тамыз бен 1 қыркүйекте (Астана, Ж. Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы) Иранға қарсы жолдастық кездесуін өткізеді. Ал 8 қыркүйекте (Алматы, Балуан Шолақ спорт кешені) Аргентинаға қарсы ойнайды.

Бұл матчтар бас бапкер Каканың шәкірттерінің алдағы әлем чемпионаты алдындағы дайындығын пысықтау екені түсінікті. Арнайы дайындық, ойыншылардың қабілеті мен мүмкіндігін бағамдау, әлем біріншілігіне қай ойыншыларды апару секілді нәрселер де осы матчта шешіледі. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы әлемдік рейтингте 1422 ұпай еншілеп, 8-орынға табан тіреген. Осы уақытқа дейін Қазақстан әлем чемпионатына 3 мәрте қатысқан (2000, 2016, 2021). 2021 жылы өткен әлем біріншілігінде 4-орынға табан тіреген. Сондай-ақ Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатында да үш мәрте бақ сынаған (2016, 2018, 2022). 2016 жылы 3-орын иеленсе, 2020 жылы 4-орын алған. 

Биыл Өзбекстанда өтетін әлем чемпионатына футзалдан Қазақстан құрамасының ойыншылар Тайнан мен Эдсон қатыса алмайды. Тайнан мен Эдсонның әлем чемпионатына қатыса алмауы спорттық азаматтық мәселелерімен байланысты. Қазіргі уақытта ФИФА мен УЕФА футболшылардың натурализациясын мұқият тексеріп жатыр және Еуропада спорттық азаматтықты заңсыз алған командалардың зардап шеккен жағдайлары да орын алған. 

Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы Өзбекстанда өтетін әлем чемпионатына үш натурализацияланған ойыншыны апарады: Игита, Дуглас және Лео. Жалпы кеңейтілген құрамда 21 ойыншы бар, бірақ турнирге тек 14 ойыншы ғана қатыса алады.